Қазгидромет: Биыл жаз әдеттегіден ыстық болады
Өрт шығу қаупі екі есе артады. Төтенше жағдай министрлігі «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес дабыл қағып отыр. Синоптиктер биыл жаздың жылдағыдан да ыстық және қуаңшылық болатынын ескертеді. Жыл басынан бері есептегенде елімізде 122 орман мен 600-ден астам дала өрті тілкеліпті.
Автор: Салтанат Шырынхан
17.05.2023
Төтеншеліктер жасаған талдау бойынша табиғи өрттің 50 пайызға жуығы адамның жауапсыздығының кесірінен тұтанған. Ал 40 пайыздан астам орман алқаптарындағы өрт табиғи құбылыстардан шыққан. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрлігі тыңғылықты дайындыққа кіріскен.
Ауа райын болжаушылар биыл аңқаны кептіретін аптап ыстықтың келе жатқанын айтады. Төбеден шақырайған күннің температурасы кей өңірде 45 градусқа дейін жетуі мүмкін. Тіпті солтүстік-батыс және солтүстік шығыста сынап бағамы 30-38 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстік-батыста тіптен 40 -45 градус ыстық болады деп отыр.
Алина Исмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:
- Консультатив болжамға сәйкес, 2023 жылдың жазында республиканың басым бөлігінде температура көрсеткіші қалыптан жоғары, тек солтүстік облыстарда климат қалыпты болады деп болжануда. Осылайша алдағы үш ай жазда аптап ыстық күтілуде. Яғни сынап бағаны 30-38 және 45 градусқа дейін жоғарғы температураны көрсететін болады. Сондай-ақ жауын-шашынн аз болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!