Қазақстан – Қытай арасында 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды
Қазақстан мен Қытай арасында енді визасыз қатынауға болады. Президенттің Қытайға сапары аясында қос тарап осындай келісімге келді. Қазақстандықтар 30 күн бойы Қытай аумағында визасыз жүре алады. Қытайлықтар да дәл солай.
Автор: Айғаным Достанбай
18.05.2023
Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Тараптар сауда, агроөнеркәсіп, логистика мен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Мемлекет басшысының осы елге сапары үш күнге жоспарланғаны да сондықтан. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі рекорд көрсеткішке жетіп, 31 миллиард доллардан асып түскен. Одан қалды, Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі бес инвестордың бірі. Бүгінге дейін тартылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардың айналасында. Президенттің сөзінше, сауда-саттықтан бөлек, Қытаймен мұнай-газ саласында да серіктестік қарқын алып келеді. Осы ретте қос тарап «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында да ынтымақтастықты жандандыруға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет. Қазақстан қара және түсті металл экспорттайтын негізі елдердің бірі. Бірақ қазіргі таңда терең өңделген өнім шығару өте маңызды. Біз «Каз Минералс» және «НФС» компанияларының мыс қорыу зауытын салу туралы бастамасын толық қолдаймыз. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз.
Президенттің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сиан қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасы қаланды. Артынша мемлекет басшысы мұнай мен газ өндіру, энергетика, металлургия, телекоммуникация, инвестиция салалары бойынша үздік саналатын Қытайдың ірі компания басшыларымен кездесу өткізді.
Жалпы алғанда қос мемлекет сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Президенттің мемлекеттік сапары ертең де жалғасады. Өйткені Сиан қаласында бүгін-ертең "Қытай-Орталық Азия" саммиті өтіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!