Таиландта апатқа ұшыраған қайықта төрт отандасымыз болған
Таиландта апатқа ұшыраған қайықта болған Қазақстанның екі азаматшасы қазір ауруханада жатыр. Жарақат алған тағы екі отандасымызға көмек көрсетілген соң қонақ үйге жіберілген. Барлық медициналық шығынды катерді жалға берген Тай компаниясы өз мойнына алыпты.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.05.2023
Олардың жағдайын еліміздің дипломаттары да бақылауда ұстап отыр. Қайғылы оқиға кеше түстен кейін болды. 33 турист пен 4 экипаж мүшесі мінген катер Пхукет аралдарына жақындай бергенде бетон бағанаға соғылған.
Төрт отандасымыздың тропикалық аймақ саналатын Тай еліне демалуға барғанына бірнеше күн өтіпті. Кеше кезекті турды таңдап, Үнді мұхиты мен аралдарды аралауға шыққанында катер апатқа ұшыраған. Яғни Пхукетке қайтар жолда асқан жылдамдықпен жүретін моторлы қайық теңіздегі ескерту мұнарасына барып соғылады. Соның салдарынан туристердің көбі түрлі жарақат алған.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Кешегі оқиға кезінде катердің жолаушылары арасында Қазақстанның төрт азаматы болған. Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін екі отандасымыз ауруханада бақылауда. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Біздің консул зардап шеккен азаматтармен және жергілікті билікпен тұрақты байланыста.
Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, барлық медициналық шығындарды катерді жалға берген тай компаниясы өз мойнына алып отыр. Жалпы моторлы қайықта 33 турист пен 4 экипаж мүшесі болыпты. Апаттан ауыр жарақат алған алты адам бар. Оның төртеуі – Ресей, екеуі Тай елінің азаматы. Қалғанының жағдайы орташа деңгейде. Осы орайда еліміздегі «Туристік қамқор» қоры Тай елінде мұндай жазатайым жағдайдың жиі орын алуына демалушылардың турды дұрыс таңдамауы себеп дейді.
Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының төрайымы:
- Таиландта туристер сертификаты жоқ қызметті пайдалану себебінен, осындай қиындыққа тап болады. Бірақ зардап шеккендерге тиісті сақтандыруы болмағандықтан, қажет көмек көрсетілмейді деген сөз емес. Ең алдымен, оларды елімізден жіберген туристік компания өз бақылауына алады. Сондайақ Тай еліндегі серіктесіміз де қарап қалмайды. Барлығы емдеудің қалай өтетініне байланысты.
Апатқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Таиландтың құқық қорғау қызметкерлері оқыс оқиғаға ең алдымен капитанның катерді асқан жылдамдық айдауы мен салғырттығы себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтыпты. Ал отандастарымыздың елге қашан және қалай қайтатынын жолдама алған туристік компаниямен ғана шешеді дейді сыртқы істер министрлігі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!