Антикор Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюповтың 10 жыл бұрынғы былығын ашты
Антикор Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповқа қатысты тергеуді аяқтады. Жемқорлыққа қарсы қызмет оның осыдан он жыл бұрынғы былығын ашқан.
Автор: Әзиза Төленби
18.05.2023
2013 жылы ол премьер-министр кеңсесінің қызметкері болып жүріп, жекеменшік компанияның иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндіріпті. Осы үшін құрылыс бойынша тендерді жеңіп әперемін деп уәде берген. Талап етілген соманы алып, өзі де ортақтасқан. Ақшаның бір бөлігіне өзіне Астана қаласынан жаңа үй, қымбат автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алған дейді тергеушілер.
42 жастағы Аюпов екі жыл Түркістан қаласына басшылық еткен. Кейін Кентау қаласының әкімі болды. Халық есінде ол Илон Маскке Түркістаннан зауыт салу туралы ұсыныс жазған, өзі мүгедектерге арналған арбаға отырып жолдың сапасын тексерген әкім ретінде қалды.
Экс-шенеунік Астанадағы уақытша тергеу изоляторына былтыр қамалған болатын.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр. Қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!