Сингапур президенті Қазақстанда маңызды төрт құжатқа қол қойды
Сингапурден тартылған былтырғы инвестиция – 400 млн доллар. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш әлде де еселене түсетін болады. Сингапур президенті Халима Якобтың біздің елге жасаған мемлекеттік сапары аясында бүгін қос тарап үшін маңызды төрт құжатқа қол қойылды.
Автор: Айғаным Достанбай
22.05.2023
Оның екеуі Сингапурда бизнесті дамытумен айналысатын – Enterprise Singapore мемлекеттік мекемесімен өзара меморандум. Астана халықаралық қаржы орталығы да алдағы уақытта осы Агенттікпен қоян-қолтық жұмыс істейтін болады. Биыл қос елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан сіздің елмен тығыз қарымқатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді.
Қазақстанды Сингапурмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық байланыстырады. Бүгінде елімізде 140-тан астам сингапурлық компания жұмыс істеп жатыр. Ал Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1 миллиард 400 миллион доллардан асқан. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард доллардан асып жығылды. Халима Якоб қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдіріп, екі ел арасындағы серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Сингапур президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Халима Якоб, Сингапур президенті:
- Бұл Сингапур президентінің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Сондықтан бұл өте маңызды сапар. Қазақстан біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарымқатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!