Алматылықтар Amadeus Hotel group компаниясына алдандық деп шулап жатыр
Бөліп төлеу арқылы үй алмақ болып сан соғып қалды. Салымшылар Алматыда Amadeus Hotel group компаниясына алдандық деп шулап отыр. Компания өкілдері Sky Apartments тұрғын үй кешенінен пәтер сатқан.
Автор: Толғанай Қажығұмарова
22.05.2023
Бірақ келісілген уақытта құрылыс бітпей, жұрт ақшасын қайтарып беруді сұраған. Ақыры салынып жатқан жер телімі мүлде басқа адамның иелігінде екені анықталды.
Сәуле Омарова:
- Осы үйді алу үшін мен өзімнің ескі үйімді, әкем мен екі баламен тұрып жатқан үйді саттым. Жалғызбасты анамын. Екі қызым бар. 90 жастағы әкем бар. Солардың құрылысына ақшамды құйдым. Өзім ары қарай құрылысты бастап алған соң несие алдым. Ақшамды қайтарады ғой деп несие алып, құрылысты бастай бердім. Алайда айтқан уақытта ақшамды қайтармады. Енді мен өз ақшамды ала алмай жүрмін. Әлі де несие төлеп жатырмын.
Жаңа үй аламын деп, ескі баспанасынан да айрылған әйел 2021 жылы құрлыс компаниясымен келісімшарт түзген. Алайда компания айтылған уақытта үйдің құрылысын аяқтамақ түгілі, әлі бастамаған да. Сол себепті келіншек келсімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап етеді. Алайда олар бос уәдемен алдаусыратып келгеніне екі жыл өткен.
Салымшылар 2021 жылы азаматтық сотқа шағымданады. Сот шешімі тұрғындар пайдасына шықты. Алайда сот компаниядан қаражатты өңдіре алмапты. Өйткені олардың қорында ақша болмаған. Салымшылардың айтуынша, компаниядағылар өзін банкрот жариялап, жерді иесіне қайтарған. Сол себепті енді салынған қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз. Қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Алматы полиция департаменті, Бостандық аудаы полиция басқармасына ұжымнан арыз наурыз айында келіп түскен. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне, ҚР ҚКнің 190-бабы 4-бөлімімен тіркелді. Тергеудің толықтығы, объективтілігі және жан-жақтылығы қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР-ның заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!