Режиссер: «Болмаған балалық шақты» сахналау бізге оңай болмады
«Болмаған балалық шақ». Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында дәл осындай атпен драма сахналады. Жарыққа шықпай тұрып, қалың көпшіліктің ықыласына бөленген шығарманың авторы – белгілі ақын Ақберен Елгезек.
Автор: Әзиза Төленби
22.05.2023
Спектакль осыған дейін Алматыдағы жастар театрында да қойылған. Тек бұл жолы мүлде басқа шығармашылық топ, басқа қалада сахналанып отыр. Жетім баланың қилы тағдыры баяндалған автобиографиялық әңгіме желісі көмескі тартқан өткен жылдарды суреттейді. Драмада ақын Ақберен Елгезектің қиялындағы ғұмыры, өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері бейнеленген. Ол жастайынан әкесінен айырылып, анасынан да тірідей қол үзіп, қоршаған ортадан пана іздеген. Табиғат-Анамен тілдесе отырып, бүгінгі қоғамның алып тұлғасына айнала білді. Ерте есеюге мәжбүр боп, мейірімге шөліркеген баланың шытырман оқиғаға толы хикаясы кімді болса да бейжай қалдырмады. Автордың алдында өз шығармасын қою режиссер мен актерлік құрамға да оңайға соқпапты.
Әли Бидахмет, режиссер:
- Оңай болды деп айта алмаймын. Ең бірінші болған қиындық – өмірде болған оқиға. Автордың көзі тірі. Автор жанымызда жүрген адам. Сол кісінің басынан өткен тағдыр. Жәй оқиға емес, өте қиын, өте ауыр тағдыр. Барлық кейіпкер өмірде болған. Бірдебір кейіпкер ойдан құрастырылған емес. Тіпті есіміне дейін анық өмірде жазылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!