{metadescription}
Астанада элиталы тұрғын үй кешені сусыз қалған
Астанада элиталы тұрғын үй кешені сусыз қалған

Астанада элиталы тұрғын үй кешені сусыз қалған

Елордада енді бай-бағландар тұратын элиталы тұрғын үй кешені де сусыз отыр. Және мұндай тапшылық екі айдан бері жалғасуда. Шыдамы шегіне жеткен тұрғындар ақыры жолды жауып наразылық білдірді.

Өйткені суды литрлеп сатып алуға мәжбүр. Судан тарыққаны былай тұрсын, дәретке отыру да мәселеге айналды дейді қапалы тұрғындар.

Сол жағалаудағы бизнес-класс көпқабатты тұрғын үйде төрт күн бойы су жоқ. Тіршілік нәрі түнгі 2-ден таңғы 10-ға дейін ғана беріледі екен. Оның өзінде судың қысымы аз. Сол уақыт аралығында тұрғындар ұйқысын қиып, мейлінше пайдаланып үлгеруі тиіс. Ол жетпесе, ауыз суды тасып, әуреге түсетіні тағы бар.

«Суға жарымаймыз» деген ой 200-ден аса астаналықтың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Төрт жыл бұрын Есілдің сол жағалауынан ойып тұрып үй алған тұрғындарға құрылыс компаниясы "өздеріңді Токиодағыдай сезінесіңдер" деп сендірген. Арада небәрі үш-төрт-ақ жыл өтті, баспана иелері ай мен күннің аманында Токио түгілі, қол жуатын суға зар болып қалды.

Бір қызығы, су алты подъездің үшеуіне ғана жетеді екен. Жауапты мамандармен жертөлесіне түстік. Соңғы үлгідегі неміс жабдығымен жабдықталған. Алайда су қысымы төмен. Тұрғындар судың ағысы нашарлап, мүлдем тоқтап қалуына осы үйді салған құрылыс компаниясы кінәлі дейді.

Динара Жылқайдарова:

- Жаңа да кіріп шықты, мамандар айтып жатыр, «BI груптың» өзінің проблемасы ол, дұрыс жасамаған дейді. «Су арнасымен» келістірілмеген дейді. Сондай проблема адамдарды ашуландырды, шын айтқанда.

Әуеліде "Астана су арнасына" кінә артқан құрылыс компаниясы өз қателігін енді мойындап, жөндеу жұмысына жұмсалатын қаражат компания есебінен төленетінін жеткізді.

Серік Төлебаев, BI-Service компаниясының директоры:

- Халықтың осындай жағдайға келгеніне өз атымнан кешірім сұраймын. Бірінші,екінші, үшінші подъездер су беретін жүйе аяқ жағында тұр. Ал алтыншы, бесінші, төртінші подъездер алдында тұр. Сондықтан қаладан келген су осы үш подъезге бірінші беріледі де, әрі қарай  судың қысымы жетпей жатыр.

«Астана су арнасы» да тапшылық себебін үйдің ішкі желілерінің дұрыс жүргізілмеуі деп түсіндірді. Қазір жауапты мекеменің мамандары сүзгілерді тазалауға кіріскен. Ал қызмет көрсету компаниясына жертөледегі сорғыларға кіріс жүйесін қайта жасау қажет.

Антон Тараканов, "Астана су арнасы" МКК Нұра ауданының өкілі:

- Бірінші сорғы жұмыс істеп тұр, ал екіншісі жеткіліксіз. Мұнда құбырлар тым жоғары орналасқан. Оларды бірінші кезекте төмендету керек. Өз тарапымыздан сорғыны тазарттық. Үйлерге су келуі тиіс. Жалпы жертөленің жоспары дұрыс емес. Бастапқы кезде жертөле бұдан да төмендеу болса, мұндай жағдай болмас та еді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі шаралар жағдайды толық реттемейді. Мәселен, қалада бір уақытта көп су пайдаланылса, бұл тұрғын үйге су жетпеуі бек мүмкін. Жаздың аяғында үшінші сорғы-сүзгі станциясы толық іске қосылмайынша, мәселенің шешілетін түрі жоқ. Оған дейін тұрғындарға жаз бойы осылай амалдауға тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде