Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы ашылуға жақын
Үлкен Алматы айналма жолымен жүру шақырымына 3 жарым теңгеден асады. Бірақ бұл әлі бекітілмеген тариф. Өйткені айлық есептік көрсеткіш мөлшері өскен сайын құны да жыл сайын қымбаттай береді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
23.05.2023
Ал халықтың қалтасынан шығатын қаражат мемлекет қазынасына түспейді. Қазір ақылы жолдың құрылысы толық аяқталып қалды. Биыл маусым айында қолданысқа беріледі деп отыр. Алматыны айналдыра салынып жатқан жол құрылысын КТК тілшісі көріп келді.
Оңтүстік астананың солтүстік аумағын түгел айналып, Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарын басып өтетін жол құрылысының аяқталуын жұрт тағатсыздана күткен. Әлі де күтіп отыр. Расында да ыңғайлы. Ұзындығы 66 шақырым. Жалпы жолақ саны алтау. Жүру жылдамдығы сағатына 140 шақырымға есептеліп салынғанымен, қауіпсіздік үшін 120-ға түсіріпті. Не де болса аталмыш жолмен діттеген жеріңе қалаға кірмей-ақ жылдам жетесің.
Нұрланбек Өмірбаев, «ҮАААЖ Инвестиция және операция» ЖШС пайдалану және техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы:
- Мердігерлер өз жұмысын нақты уақытында орындап, жұмыс аяқталуға жақын. 12 пайыз қалды. Интеллектуал көлік жүйесі жұмыстарын аяқтап жатыр. Алматы - Ұзынағаш жолынан басталады. 66 шақырымда тағы да алты кеспе жолдардан БАКАД-қа кіретін орындарды белгіледік.
ҮААЖ бойынша болжамды жолақы құны бір сағатта жүріп өткен қашықтыққа қармастан, жеңіл көлік – 241,5, жүк көлік – 414 деп, солай кете береді. Бірақ бағасы да соған сай. Мәселен, жүрген қашықтыққа қарамастан, бір кіргеніңе жеңіл көлік 241 теңге, жүк көлік 414 теңге төлеуі керек. Әрі бұл қатып қалған баға емес. Жұрттың айлық мөлшері өскен сайын, құны да артып отырады. Дегенмен айналма жолға жиі түсетіндерге бір айға және бір жылға абонемент қарастырылған. Жол бойындағы елдімекендердің тұрғындарына жеңілдік бар. Ал жүрген жолыңның ақысын үйреншікті екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы төлей аласың. Алайда халықтың қалтасынан шыққан қаражат бірден мемлекет қазынасына түсе қоймайды екен.
Жамбыл Бақтияр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл жобаны салған кезде алғаш рет инвестицияны тарттық. Яғни бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Ақылы жолдан түсіп отырған ақшаның есебінен инвестиция шығынын қайтаруымыз керек. Яғни сол мақсатқа байланысты осындай тариф болу керек.
Ол шығынды 15 жыл 10 ай бойы қайтарады. Бірақ сол уақытта компания жолдан шыққан кез келген ақауды тегін реттейді. Ал жолды салған – түрік-корей концорциумы.
Оңтүстік астана мен кептеліс екеуі бір ұғым болып кеткендей. Ауа да лас екені ешкімге жасырын емес. Шаһардың басты проблемасы да сол. Шенділер айналма жол салына басталғалы кептеліспен бірге экология мәселесі шешіледі деп сендіріп келеді. Жол келесі айда ашылады. Түйіткіл шешіле ме? Оны енді жазда көрерміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!