Ақтөбеде қаржы пирамидаларын құрғандардың жазасы өзгеріссіз қалды
Ақтөбеде қаржы пирамидаларын құрып, салымшылардың миллиардтарын қалтаға басқан алаяқтардың жазасы өзгеріссіз қалды. Керісінше, «алдандық» деп ақшасын даулаған жәбірленушілер саны көбейген.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.05.2023
Бүгін апелляциялық сот алқасы ұйым басшысының туыстарының атындағы дүние-мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды.
Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» сияқты қаржы пирамидаларын құрған 48 адамға қатысты алғашқы үкім былтыр тамызда шыққан. Бірақ сотталушылар мен жәбірленуші тізімінен шығып қалғандар апелляциялық шағым түсірген. Арызда осы күмәнді ұйымды құрған Жанболат Есіркеповтен бастап, қалған сыбайластары өзін судан таза, сүттен ақпыз деп жазыпты. Бірақ сот алқасы бұған дейінгі үкімді өзгеріссіз қалдырды. Есесіне, «алаяқтарға алдандық» деген тағы 8 адамды жәбірленушілер қатарына қосып, оларға 28 миллион теңгесін өндіруге үкім шығарды.
Қаржы пирамидаларын құрған топ басшысы Есіркеповтың туыстарының пәтерін тәркілеуге де шешім шығарылды. Өйткені ол мүліктер алданған 17 мыңнан аса тұрғынның ақшасына сатып алынған екен.
Төрт бірдей күмәнді қаржы ұйымына еліміздің 15 өңіріндегі тұрғындар миллиардтап қаржы салған. Тез байып кетеміз дегендер енді сотта жүр.
Әлібек Ахметов, Ақтөбе облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Негізгі сот үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Прокурордың апелляциялық өтініші ішінара қанағаттандырылсын. Жәбірленушілер мен олардың қорғаушыларының апелляциялық арызы қанағаттандырылсын. Апелляциялық қаулы үкім оқылған сәттен бастап күшіне енеді. Енді кассациялық ретпен Жоғарғы сотқа шағым түсіре алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!