Әуежайда жолаушыларды торуылдайтын таксишілермен күрес күшейтілді
Алматы халықаралық әуежайында жолаушыларды торуылдайтын такси жүргізушілерімен күрес күшейтіледі. Полиция күні-түні рейд өткізіп, клиенттерге жармасатын азаматтарды тәртіпке салмақ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.05.2023
Себебі, шетелден келетін туристерге такси бағасын асыра айтып, қалтасын қампайтуды көздейтіндер азамай тұр. Мәселен, үш күн бұрын Үндістан азаматтарына қоқан-лоққы көрсетіп, оларды әуежайдан қонақ үйге апарғаны үшін бақандай 800 доллар алған жүргізуші қылмыстық жауапқа тартылатын болды. Тәртіп сақшылары «бопсалау» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеушілердің алдында ұнжырғасы түсіп кеткен такси жүргізушісі шетелден келген туристерді әуежайдан қонақ үйге дейін мың теңгеге апарып тастаймын деп сендірген. Алайда діттеген жерге жеткен соң, 27 жастағы жігіт Үндістан азаматтарын қорқытып, қызметіне 1 180 АҚШ долларын талап етіпті. Қала қонақтары 800 доллар беріп, жүргізушіден әрең құтылған дейді полиция.
Еркін Өтегенов, Алматы ПД баспасөз хатшысы:
- Бірнеше күннен кейін шетел азаматтары Бостандық ауданының полиция басқармасына келіп шағымданған. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері М. есімді азаматты ұстады. 1996 жылы туған. Ол азамат кінәсін толық мойындады. Шығынды қайтарып берді. Қазір ҚР ҚК сәйкес 104-баппен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Аңғал туристердің есебінен қалтасын қампайтқысы келген такси жүргізушісі осыған дейін талай мәрте жол ережесін бұзып, айыппұлын төлемеген. Сондықтан оның көлігі айып тұрағына қойылды.
Ығы-жығы адам, кіріп-шыққан көлік. Алматы халықаралық әуежайында күнде қарбалас. Мұнда «такси, такси» деп, жолаушылардың қыр соңынан қалмайтын жүргізушілердің қарасы қалың. Олар туристерді алдамаймыз, келіскен бағаға апарамыз деп отыр. «Баға жолдың ұзақтығына байланысты, үш мың теңгеден басталып өсе береді», - дейді.
Мұсабек, такси жүргізушісі:
- Біз нақты келісеміз. Келіссе, кете береміз. Алдау туралы әңгіме жоқ.Шақырымына байланысты. Жақын жерге – үш мың теңге. Қаланың ортасына дейін 45 мың теңге. Өйткені көлік жалға алынған. Бензин қымбат, бөлшектері қымбат, оны білесіздер. Сол себепті сондай баға.
Әуежай президенті жергілікті такси жүргізушілерімен жүзбе-жүз кездесіп, ортақ мәмілеге келуге талпынғанын айтады. Алайда одан еш нәтиже шықпапты.
Альп Ер Тұнға Ерсой, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
- Мен әйежайда жүріп нәпақа табатын 10 шақты такси жүргізушісімен кездестім. Оларға қызметтеріңді заңдастырыңдар, біркелкі киім киіндер деп айттым. Бірақ жүргізушілер бас тартты. Біз енді Алматыға келген жолаушыларға заңды такси қызметіне жүгінуді ескертіп, арнайы ақапарат тақтайшасын ілуге мәжбүрміз. Басқа амал жоқ.
Әуежай басшылығы стратегиялық нысан маңында рұқсатсыз жолаушы тасымалдайтын жүргізушілермен күресуге қауқарымыз жетпейді деп отыр. Сондықтан полициядан заңсыз такси қызметімен айналысатындарды тәртіпке салуды сұрайды. Себебі, шетелден келетін туристердің қалтасын қағып, оларға қоқан-лоққы көрсететін жайттар әлі де қайталануы мүмкін.
Полиция күні-түн рейд өткізіп, әуежайын маңында жолаушы іздейтін жүргізушілерді тезге салуға мықтап кіріспек. Бірақ әуежайда клиенттерге жармасатын таксистерге қатысты жолаушылар да, турфирма өкілдері де қанша арызданса да, оң өзгеріс байқалмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!