"Атырау жарық" жұмысшылары жалақысын көтеруді талап етті
Атырау облысында жарыққа жауапты мамандар жалақыға жарымай отыр. "Атырау жарық" компаниясының Жылыой ауданындағы филиалының жұмысшылары осылай деп наразы. Олар еңбекақысын 50 пайызға көтеруді талап етуде.
Автор: Жанат Молдашова
26.05.2023
«Техника да тозығы жетіп, құрал-сайман да тапшы», - дейді наразы топ. Ал монополист компания басшылығы мәселені қашанғыдай тарифке тіреп қойды. «Ақыны өсіргенде ғана проблема шешіледі» - дейді олар.
Бұл «Атырау жарық» АҚ Жылыой ауданындағы жұмысшылары. Айлығы 96 мың теңгеден басталатын олар отбасымызға оны еңбекақы деп апаруға ұяламыз деп ашынады. Мұндағы мамандардың дені – жастар. Айлығы шайлығына жетпегені аздай, арнайы киім мен құрал-сайманға да жарымай жүр екен.
Айгүл Тайпанова, «Атырау жарық» АҚ жұмысшысы:
- Кілең жастар істеп жатқан жалақы әрі кетсе 120-ға баратын болар. 120-ға дейін барады әрі жағын өздеріңіз біле беріңіз. Тапқан айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Бәрінің бала-шағасы, несиесі бар, балабақша, мектеп, киім-кешек дегендей. 120, 100 мың теңгеге өмір сүру деген өте қиын.
Бақытжан Доспанов, «Атырау жарық» АҚ жұмысшысы:
- Арнайы берілетін киімдер де жоқ, сапасы төмен. Басымыздағы каска да сапасыз. Басымызға бірдеме түсіп кетсе не болады? Қолғаптың өзінен де тоқ өтіп кетеді. Мынау жұмыс істеуге келмейді.
«Техникалар тозығы жеткен. Кеңес дәуірінен келе жатқан ескі көлікпен елдімекендерді аралайды. Әлеуметтік пакет атымен жоқ дейді. Компанияда 40 жылдан бері жүргізуші Серік Еділов 135 мың теңге жалақы алады. «Монополист мекеме мамандарына жағдай жасай алмаса, мемлекетке кері қайтарсын» деп ашынды.
Серік Еділов, «Атырау жарық» АҚ жұмысшысы:
- Үкіметке мекемені аудару керек, болды, сонда түзеледі. Былай болмайды. Бір адамға бағынып тұр. Бәрі сөйлеуге қорқып тұр, жұмыстан шығарып тастайды деп. Меніақ шығара қойсын. Бәрібір екіүш ай қалды.
Наразы жұмысшылардың басты талабы – еңбекақыны елу пайызға көтеру. Жылыой ауданы электр торабының басшысы бұл мәселенің жедел шешілмейтінін бірнеше рет жиын жасап, ескерттік деп ақталды. Ал «Атырау –жарық» АҚ президентінің айтуынша, компания тек тарифты көтеру арқылы ғана жұмысшылардың еңбекақысын өсіреді екен.
Мейірбек Ғұбашов, «Атырау жарық» АҚ президенті:
- «Атырау –жарық» АҚ-да 1400-дей адам бар, жұмысшыларымыз. Соның барлығын есептегенде 1 маусымнан бастап 20 пайызға жалақыны көтереміз. Басқа техника және т.б. қарамайды, тек жалақыны көтеріп жатырмыз. Жұмысшылар 50 пайыз, 100 пайыз сұрайды. Бізге ешкім 50 пайыз, 100 пайызға тариф көтермейді. Оны да түсіну керек.
Жыл сайын жаңа техника алып, арнайы киімді де уақытында беруге де тырысып жатқанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!