Астанада алақандай жерге салынатын үйге тұрғындар қарсы шықты
Астананың тығыз орналасқан ғимараттары тұрғындарға ғана емес, оқушыларға да мазасын кетірейін деп тұр. Алматы ауданында мектеп пен тұрғын үйдің арасындағы алақандай жерге көпқабатты тұрғын үй кешені салынады. Жұрт құрылысқа үзілді-кесілді қарсы. Таласқа түскен ұлтарақтай жер кімге бұйырады?
Автор: Мерей Қалиасқар
26.05.2023
"Браво фэмили" деп аталатын тұрғын үй кешенінің жағдайы, аты айтып тұрғандай, мәз болмай тұр. Былтыр ғана 1900 пәтердің иесі қоныс тойын тойлап еді, бір жыл өтпей-ақ, қуанышы су сепкендей басылды. Оған бірнеше себеп бар.
Динара Исаева:
- Көріп тұрсыздар, қазірдің өзінде үй қабырғасында сызаттар түсе бастады. Егер алдымызға үй соғатын болса, сызаттар одан сайын үлкейіп, үйіміз құлап қалуы мүмкін.
Қабырғасы сөгілген үйдің тұрғындарына бой теңестіріп жаңа тұрғын үй пайдалануға берген күні инженерлік желілерді бөлісуге тура келеді. Ал оның жағдайы онсыз да мәз емес.
Динара Исаева:
- Қазірдің өзінде тұрғын үйімізде су мәселесі бар, проблемамыз көп. Біз шеруге шығамыз.Бізді тыңдаса екен дейміз, біз құрылысқа қарсымыз.
Әуеліде құрылыс компаниясы тұрғын үйдің маңайы жасыл желекке оранады, серуендеуге таптырмас орын болады деп уәде еткен. Алайда ол көріністі тек үйдің жарнама қағазынан ғана көресің.
- Бізге құрылыс компаниясы осы тұрған жерде аллея болады деп уәде берген. Бірақ бұл жерге қазір барлау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Елорданың сәулет келбетін қалыптастырудың жаңа ережесіне сәйкес, 17 қабаттан жоғары тұрғын үйлердің арасы 50 метрден кем болмауға тиіс. Ал мұнда көпқабатты үйдің алдындағы жолдан мектеп қоршауына дейін жетер-жетпес 40 метр. Жапсарлас салуға болмайтынын ескерсек, сонда бар-жоғы 10 метр ғана бос.
Тығыз құрылыс осы маңдағы орта мектепке де қолайсыз болмақ. Оқушылар көлеңкеде оқимыз ба деп алаңдайды. Ал ұстаздар құрылыс учаскесі сабақ беруге кедергісін тигізеді деп пікір білдірді.
Гүлнар Темірбекқызы, №93 мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Менің ойымша, сәулет бойынша да үй салуға келіспейтін сияқты. Әмбе 18 қабатты үй мектептің алаңын бәрін жауып тұрады. Күннің көзі түспейді. Қауіпті болады.
Нұрзия Бейсебай:
- Немерем осы мектепте оқиды. Осы үйде тұрамыз. Мына жерден былай келеді. Оның қай жеріне, қалай сыйғызбақшы, қандай үй салмақшы?!
Қалай сыйғызып, қандай үй салынатынын әкімдіктегілер біледі. Жергілікті билік өзі аядай жерге сауда ойын-сауық орталығы мен паркингі бар 18 қабатты тұрғын үй бой көтереді деп жазбаша жауап қайтарды. Таласқа түскен жер құрылыс саласында атыеш аталмаған әрі бас қалада ресми кеңсесі жоқ "Компания казбилдинг" ЖШС-не бұйырған екен. Олар қаулыға сәйкес, биыл қарашаға дейін қажет рұқсаттамаларын түгендеп бітуге тиіс. Оған дейін наразы жұрт құрылысты тоқтату үшін «аяғына дейін барамыз» деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!