Түркістан мен Жамбыл облысының омарташылары шығынға батты
Түркістан мен Жамбыл облысының омарташылары қыруар шығынға баттық деп дабыл қағуда. Қаптаған шегірткенің көзін жоюға қолданған химиялық дәріден бал аралары жаппай қырылған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.05.2023
«Еңбегіміз зая кетті» деген кәсіп иелері жәндіктерді өлтіруге арналған улы препараттың адамдарға да орасан зияны барын айтады. Сондықтан оны қоданбауды сұрап отыр. Ал шенеуніктер улы дәрінің еш зияны жоқ деп сендіреді.
Түркістан облысындағы көрініс: бал арасы жаппай қырылған. Ызыңдап жүретін қанатты жәндіктердің біреуі қыбыр етпей жатыр.
Мыңдаған бал тасушының өлімі кәсіпкер үшін орасан шығын. Шаруалары шатқаяқтаған бизнесмендер шегіртке мен шіркейлерді дәрілеуден кейін осындай жағдай болды дейді.
Омарташылардың сөзінше, қанатты жәндіктердің көзін жою жұмысы жайлы ешкімге ескертілмеген. Ал шығынға батқандардың Жамбылдағы әріптестері шегірткемен күрес жұмыстарын көрсе төбе шашы тік тұрады. Өйткені бірнеше жыл бұрын егістік алқаптарын химимялық дәрілеуден кейін бал арасынан түгел айырылған. Шенеуніктер сол қателіктен сабақ алса керек. Қазір алдын ала ескертіледі екен.
Константин Кутасов, Жамбыл облысы омарташылар қауымдастығының төрағасы:
- Улы химикат қолдану өте зиян. Әсіресе біз секілді ара өсіретіндерге. Удың аты у ғой. Жәндіктермен қоса, адамдарға да зияны бар. Қазір байқалмайтын шығар, бірақ кейін бәрібір шығады. Бұл онкологиялық ауруларды қоздырады.
Жамбыл мен Түркістан облыстарында шегіркені жою үшін даниялық препарат қолданылады. Ел арасында оның түрлі ауруларды қоздыратыны айтылуда. Бірақ атқарушы билік бұл пікірді жоққа шығарады.
Азамат Құрбанов, Жамбыл облысы аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы:
- Препараттардың адам өміріне қаупі жоқ. Өйткені химиялық жұмыстарын мал жайылымына жасаймыз көбіне. Жолдың бойына жасалады. Италиялық шегірткенің шыққанына байланысты. Бірақ сулы, ауыл маңындағы қамысты жерлерге химиялық жұмыс істелмейді.
Ал экологтар өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың жолын ұсынып отыр. Яғни шегірткені улаудың еш қажеті жоқ дейді. Ол үшін Африка елінің тәжрибесін қолдануға шақырды.
Тимур Елеусізов, «ҚазЭкоПатруль» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Кез келген химияның адамға да, жаунарға да, жәндіктерге де зияны бар екенін жасырын емес. Бізге басқа әдісті қолдану керек. Мәселен, Африкада қаптаған шегірткені елдер түнде далаға шығып жинап алады екен. Сөйтіп адамға қуат беретін түрлі тағамдық қоспалар жасайды. Оны біз де қолданып жүрміз.
Эколог улы химикаттың қоршаған орта мен адамға кері әсері барын жоққа шығара алмады. Сондықтан билік өкілдері шегірткемен күресудегі ескірген әдісті өзгерту керек дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!