{metadescription}
Түркиядағы зілзалада құтқару жұмысына қатысқан иісшіл иттердің еңбегі ескерілді
Түркиядағы зілзалада құтқару жұмысына қатысқан иісшіл иттердің еңбегі ескерілді

Түркиядағы зілзалада құтқару жұмысына қатысқан иісшіл иттердің еңбегі ескерілді

Еңбек ескерусіз қалмады. Алматыда Түркиядағы зілзаладан кейін құтқару-іздестіру жұмыстарына қатысқан кинолог пен иісшіл иттер марапатталды. Иттердің көрмесіне шақыртылған республикалық жедел құтқару жасағының мамандарына алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.

Төрт аяқты көмекшілердің арқасында құтқарушылар үйінді астынан талай адамды аман алып шыққан. Түркиядағы апат аймағында болған алматылық кинологтармен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.

Джек, Лига мен Чарли – иісшіл иттер Түркиядағы жер сілкінісінен кейін қираған қалаларда екі апта уақыт болып, құтқару-іздестіру жұмысына қатысқан. Осы төрт аяқты көмекшілердің арқасында құтқарушылар үйінді арасынан 10-ға жуық адамды аман алып шығыпты. Ақылды төбеттер тас-талқаны шыққан ғимарат астында соңғы демі үзілген талай жанның денесін табуға да көмектескен.

Ерік Берлібеков, ТЖМ республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушы-кинологы:

- Иттер іздестіру операциясына қатысты. Ең бірінші Джек деген ит бірінші күні өлген адамдарды тауып, белгіледі. Екінші күні биік ғимарат құлаған. Сегіз қабаттан құралған үйдің жарты төрт қабаты құлаған. Сол үйдің қирандысынан Джек белгі беріп, итім тірі адамдарды тапты.

Алматыда «Аврора» кинологтар клубының мұрындық болуымен иттер көрмесі өтті. Ұйымдастырушылар шараға апат аймағында болған құтқарушыларды да шақыртып, оларға арнайы сыйлық табыстады.

Александра Байгарина, «Аврора» кинологтар клубының президенті:

- Иттер көрмесін «жануарлардың сұлулық байқауы» деп атасақ та болады. Көрмеге Қазақстанның түкпіртүкпірінен және Қырғызстаннан келген 500 ит қатысты. Бұл шара сирек кездесетін ит тұқымдарын сақтауға және ұмытпауға арналған. Екі күнге жалғасқан көрмеде үздіктерді Ресей, Кипр және өзіміздің сарапшылар анықтады.

Кинологтар клубы түрік бауырларымыздың алғысын алған жедел құтқару жасағының жігіттері кез келген құрметке лайық деп отыр. Себебі, апат ошағында күн-түн демей тынымсыз жұмыс істеген қазақстандық құтқарушылар дәрменсіз күйге түскен талай адамға дер кезінде көмектесті.

Биыл ақпан айының басында Түркия мен Сирияда жер сілкініп, екі мемлекетте 50 мыңнан астам адам қаза тапты. Жарақат алған жандардың саны 200 мыңға жуықтайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде