«Халық заңгері»: Мыңға жуық заңгер халыққа бір мезетте тегін көмектесті
Елімізде мыңға жуық заңгер бір уақытта халыққа тегін көмек көрсетті. Кәсіби мамандардың кеңесіне 10 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Осылайша «Халық заңгері» жобасы биыл жетінші рет өткізілді.
Автор: Салтанат Шырынхан
29.05.2023
Шараның басты мақсаты – жұрттың құқықтық сауатын арттырып, заң аясында шешілуге тиіс мәселесін түсіндіріп беру. Яғни ақыл-кеңеспен шектелмей, істі соңына дейін жеткізуге көмектеседі.
Қанат Сәлімбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша алдын ала бақылау департаментінің басшысы
- Біріншіден, халықтың құқық сауатын көтеру. Себебі, сараптамаға сәйкес, қылмыстың көбі азаматтардың кейбір заңнаманы, тәртібін түсінбеу салдарынан, кейбір заңсыз жолын іздеуге барады. Сол себептен, халық өз құқықтары мен міндеттерін білетін болса, келешекте ешқандай заңбұзушылыққа бармайды деп есептейміз.
Әсіресе кәсіби мамандарға жүгінгендер ішінде көпбалалы және жалғызбасты аналар басым. Бағыт-бағдар сұрай келген келіншектердің шешімін таппай жүрген мәселелер шаш-етектен. Біразы әлеуметтік көмекке қол жеткізудің, пәтер кезегіне тұрудың және оны алудың жолдарына қатысты жауап іздейді. Сондай-ақ алиментін өндіре алмай жүргендер жетерлік. Отбасылық мәселелер, жер дауы, тіпті қылмыстық істер бойынша да кеңес сұрап келгендер бар. Ал енді біреулерін салық, мүлікті заңдастыру және айыппұл төлеу мәселелері мазалайды. Мамандардың айтуынша, қарапайым халық құқықтық сауатын жетілдіруі қажет. Көмек көрсетуге прокуратура мен мемлекеттік мекеме басшыларынан бастап, жергілікті әкімдіктердің білікті мамандары атсалысқан.
Михаил Коломин, ұйымдастырушы:
- Халыққа дәл қазір осындай көмек қажет. Оларға заң аясында қол ұшын созу – азаматтық парызымыз. Дамыған мемлекетте өмір сүріп жатқан кез келген адам өз құқығын біліп, қорғай алуы керек. Заңды қарапайым тілмен түсіндіріп, өз құқықтарын ұғындыру. Бұған дейін біз бұл акцияны Қазақстанның 21 қаласында өткіздік. Ал биыл 70 ауылды қамтып отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!