{metadescription}
Жылу электр орталықтарын жөндеуге қыруар қаржы керек
Жылу электр орталықтарын жөндеуге қыруар қаржы керек

Жылу электр орталықтарын жөндеуге қыруар қаржы керек

Жылу электр орталықтарына жүргізілген аудит аяқталды. Бес айға жуық созылған тексеріс 55 жылу электр орталығын қамтыған. Энергетика министрлігі Риддер, Екібастұз бен Теміртаудағы орталықтардың жағдайы тым мүшкіл екенін айтып, жөндеу жұмысына Үкіметтен қаражат сұрап отыр.

Жекенің қолындағы нысандар миллиардтарға жөндетелетін болғандықтан, жылу тарифінің де қымбаттайтыны белгілі.

Былтыр жылу электр орталықтары жаппай істен шыққаннан кейін, премьер-министр бастан-аяқ аудит жүргізуді тапсырған. Жауаптылар бес айдай уақытқа созылған тексерістің нәтижесін жариялады. Елімізде 55 жылу электр орталығының техникалық жай-күйі сарапталып, жабдықтардың пайдалану мерзімін, апат қайталану қаупін, әйтеуір бүге-шүгесіне дейін тексердік деп сендіріп отыр энергетика министрі. Осылайша мамандар елдегі жылу электр орталықтарының басым бөлігінде жағдай мәз емес екеніне көз жеткізген.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Кейбір өңірдегі жылу электр орталықтарының жайкүйі сын көтермейді. Ерекше, оның ішінде үкіметтік деңгейде назар аударуды талап ететін ЖЭО тобы анықталды. Аталған ЖЭО-лардың техникалық жай-күйін, төтенше жағдайларға тәуекелін, станциялардың пайдаланылуын ескере отырып, оны жөндеуге Үкімет қорынан қаражат бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Елімізде кейбір жылу электр орталықтарының салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен. Бірақ Риддер, одан кейін Екібастұз бен Теміртаудағы электр орталықтары әбден тозған деген байламға келіпті. Қазір Үкімет те, жергілікті билік те келесі қыста қарашаның тоңып қалмауына жағдай жасауға жанталасып жатқан секілді. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддердегі нысанды Үкімет есебінен жөндетуге тиісті құжаттарын тапсырып, қаражатын қарастырып та үлгерген.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Риддердің жағдайы, жөндеуге әкімшілік тарапынан өтінім түсіп жатыр. Бюджеттен ақша береміз, ШҚО әкімдігі есептерін өткізді. Осыған байланысты Үкімет тиісті шешім қабылдап, бюджет қаражатына Риддерді жөндеп береді. Бұл ақша тарифке қосылмайды. Яғни Риддердің тұрғындары көбейтілген тариф төлемейді, осындай жөндеу жұмысының нәтижесінде.

Екібастұздағы жылу электр орталықтарын жөндеуге 15 миллиард қажет екенін және бұл соманы жеке кәсіпкер мен Үкімет екіге бөліп қарастыратыны осыған дейін айтылған. «Жөндеу жұмысының есебінен тариф көтеріле ме?» деген сауалдың жауабын шенділер кесіп айта алмай отыр. Дегенмен қызметкерлердің жалақысын арттыруға ай сайынғы төлем құнында айырмашылық болуы мүмкін.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Былтыр және биыл мекемелер тарапынан түскен өтінімдер, көптеген сұрақбар. Біріншіден, жалақы мәселесі және көмір, газ қымбаттауы, бұл уақыт талабы. Тарифті бектіп отырмыз. 1 маусымнан бастап, орта есеппен 24 пайызға өседі. Бұл станциялардың көтерілген тарифы кейінірек энергожабдықтаушы мекемелердің жұмысына әсер етеді. Бірақ қай өңірде қанша қымбаттайды, оны кейінірек анықтаймыз.

Көп күттірген аудит нәтижесі белгілі болды. Жекеменшік жылу электр орталықтарының иелерімен келісім бар. Үкімет те тиісті қаржыны бөлуге дайын. Ендігі жұмыс жауапкершілігі жергілікті әкімдіктерге артылады. Қыстың көзі қырауда, былтырғы апаттар қайталанатын болса, миллиардтардың сұрауы солардан болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде