«Вагнер» сапында ұрысқа қатысқан Қазақстан азаматы Украинада сотталды
Украина соты Қазақстан азаматын 9 жылға бас бостандығынан айырды. 25 жастағы Шыңғыс Сейпиевке «Вагнер» жасағы сапында ұрыстарға қатысты деген айыппен үкім шыққан. Сейпиевтің өзі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Аққұдық ауылының тумасы екенін айтыпты.
Автор: Айғаным Достанбай
31.05.2023
Ал «Вагнердің» құрамына Тюмень қаласының №2 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан жерінен өткен. «Келісімшартқа қол қоятын болсаң, соттылығыңның күші жойылып, 200 мың рубль береміз» дегенге келіскен. Түзеу мекемесінен шығарып алғаннан кейін, «Ростов облысындағы оқу-жаттығу лагерінде әскери дайындықтан өттім» дейді өзі. Содан кейін ғана Бахмут маңындағы қақтығыс аймағына жіберіліп, сол жердегі ұрыс алаңында тұтқындалыпты.
Шыңғыс Сейпиев:
- Вагнермен жарты жылға келісімшартқа отырып қол қойдық, Сосын 200-ге тарта адамды әскери жүк көлігіне тиеп полигонға алып барды. Ол жақта үш апта әскери жаттығудан өттік. Бізге автомат, пулемет пен гранатаны қалай қолдануды үйретті. Сөйтіп араға он күн салып соғыс ошағына алып келді. Сол жерде Украина әскерінің қолына түсіп қалып, тұтқындалдым. Қазір мені 9 жылға соттады. Өз жауынгерлеріне айырбас ретінде Ресейге қайта жіберетін шығар. Мен, бірақ, Қазақстанға қайтқым келеді. Туғантуыстарымды сағындым.
Шыңғыс Сейпиев Қазақстанға оралған күнде де жазадан сытылып кете алмайды. «Осында да темір тордың ар жағында жасаған қылмысының жазасын өтеуіне тура келеді»- дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев. Бұдан бөлек, сыртқы істер министрлігі осы жылдың көктемінде «Вагнер» құрамына өткен студенттің Қазақстанда да қылмыстық жауапқа тартылатынын айтқан. Осындай жеке әскери компаниялардың құрамына өз еркімен кіргендер елімізде 5 жылдан 9 жылға дейін сотталады.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Менің ойымша, аталған адамға қатысты мәселені сыртқы істер министрлігі пысықтап жатыр. Яғни бұл тақырып сыртқы саяси ведомство құзыретінде. Басқа елдердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Менің ойымша, бізде Украинамен келісім болуы керек. Сол елде сотталғанымен, жазасын Қазақстанға келіп өтеуі мүмкін. Мен, әрине, өз елінде жазасын өтеуін құптар едім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!