Қазақстандық бітімгерлер қандай жағдайда көмекке аттанады
Қазақстандық бітімгерлер қандай жағдайда көмекке аттанады? Мәжіліс бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік қызметі туралы келісімді мақұлдады. Одаққа мүше елдер бұл құжатқа 2021 жылдың қыркүйегінде Душанбеде қол қойған болатын.
Автор: Әзиза Төленби
31.05.2023
Ол бойынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамындағы мемлекеттер бір-бірінен әскери көмек сұрай алады. Тек қандай жағдайда? Қорғаныс министрілігінің айтуынша, мұны да Парламент шешетін көрінеді.
Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Біздің бітімгерлердің соғыс, әскери қақтығыс боп жатқан жерге баруы заңда қарастырылмаған. Бүгінгі құжатта «үйлестіруші мемлекет» болады деп көрсетілген. Егер нақты көмек керек боп жатса, сол үйлестіруші мемлекет ол жаққа қай мемлекеттен қандай көмек керектігін айқындайды. Бұл біздің өз шекарамызға, азаматтарымызға қауіп төндіретін болса, ұсыныс қабылданбайды. Кезкелген қарулы күштің басқа жаққа аттануы қандай мөлшерде болсын Парламенттің мақұлдауымен ғана.
Қорғаныс вице-министрінің түсіндіруінше, егер Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы белгілі бір бітімгіршілікке миссияға қатысқысы келсе, мүше елдердің атынан Біріккен ұлттар ұйымымен келісімшарт жасайтын бір ғана ел болады. Сол үйлестіруші мемлекетті ұжымдық кеңес қабылдайды. Яғни ең жоғарғы орган мемлекет басшылары. Ал қандай да бір операция болса, қазақтандық әскерлердің ол жаққа барып көмек көрсетуін парламент мақұлдауы тиіс. Ол кезде депутаттарға ел президенті ұсыныспен келеді. «Одаққа мүше елдерге лаңкестік ұйымдар шабуылдаса немесе басқа да төтенше жағдай болса көмектесеміз, ал ашық соғысқа араласпаймыз» - дейді мәжілісмендер. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Қазақстанмен бірге Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан мүше.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Мысалы, террористік шабуыл боп жатса, әлКаида, Талибан келіп жатса, біздің көмектесетініміз анық, өзіміздің әріптестерімізге. Соғысқа қатыспаймыз.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Біз серіктестерімізден өзімізге қажет кезде көмек сұрауға құқымыз бар деп білсек, әрине, біздің серіктестер де бізден осындай көмек күтуге, сұрауға да құқықты деп білемін. Бірақ біз бұл жайында нақты білуіміз керек, қай жақта, не жайында. Егер осы серіктесімізге біреу шабуыл жасаса, ол бір әңгіме, ал біздің серіктесімізге басқа бір мемлекетке, не адамға шабуыл жасаса, сол арқылы соғысқа кірсе, ол, әрине, басқа жағдай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!