Зұлмат қасіреті: «Алашорда ісі» кітабы жарыққа шығады
Еліміздің әр түкпірінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып жатыр. Қазақстан тарихындағы қасіретті жылдар миллиондаған адамның жазықсыз өліміне алып келді.
Автор: Айғаным Достанбай
31.05.2023
1927-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңы атылған. 1920 мен 1930-1931 жылдардағы екі бірдей ашаршылықтан 4 миллионнан аса қазақ қырылды. Нақты саны әлі зерттеліп жатыр. Зұлмат жылдардың қасіреті бүкпесіз баяндалған «Алашорда ісі» атты көп томнан тұратын кітап жақында жарыққа шығады. «Басылым бастан-аяқ саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар мен тың ақпараттарды қамтиды»,- дейді авторлар.
Бүгін мемлекет басшысы Алматыға сапарында репрессия жылдарына зерттеу жүргізумен айналысатын арнайы орталықтың жұмысымен танысты.
Орталықта қазір 1 миллион 132 мың іс сақтаулы тұр. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар мұнда ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бас прокуратураның арнаулы мұрағатынан жинастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдарын зерттеу әдісі көрсетілді. Орталық таяу уақытта тағы 715 мыңға жуық істі қабылдап зерттеуге енгізеді деп жоспарланып отыр.
Гүлшат Нұрымбетова, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жетекшісі:
- Жалпы бұл құжаттардың ішінде, қылмыстық тергеу істерінің ішінде сол айыпталушылардың жеке істері де сақталып қалған. Суреттері, хаттары, күнделіктері. Жалпы, орталықтың жұмысының бір бағыты – құпия құжаттарды құпиясыздандыру. Ведомстоаралық комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті. Мамыр айындағы өткен мәжілістің нәтижесінде біз 3000-ға жуық хаттамадан түұратын ІІМ-нен түскен құжаттарды құпиясыздандырдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!