Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президентіне бірқатар тапсырма берді
Отандық ғылымды дамыту керек. Алматыға жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Зәкәрияны қабылдап, оған бірқатар тапсырма берді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
31.05.2023
Президент дарынды жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту аса маңызды екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржыландырып жатқан ғылыми жобалар экономиканың нақты секторларында іс жүзінде қолданылуы маңызды екенін атап өтті. Оған қоса, қазір зерттеу жұмысын қаржыландыру көлемі артқан.
Мемлекет басшысы бүгін Жазушылар одағының жаңа төрағасы Мереке Құлкеновті де қабылдады. Кездесуде президент қазіргі оқырманды қызықтыратын туындыларды жарыққа шығару мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені оқырман талғамы, қоғамның құндылығы – барлығы өзгеріп келеді. Сондықтан шығармашылық ортаның жұмысы да бүгінгі заман талабына сай болуы керек. Әсіресе жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Бізде Мәдениет заңы қабылданған. Сол заңға қазақ әдебиеті туралы әңгіме аздау. Сол заңға өзгеріс енгізсек деген ұсыныс айттым. Қандай өзгеріс? Қазақ жазушылары баспа, насихат және таралым деген. Жалпы, талантты дүниені қалай шығарып, оны қалай таратамыз деген әңгіме кеңінен болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!