Петропавлда 9-сынып бітірген қыз биік қабаттан секіріп өлді
Суицидтің себебі белгісіз. Петропавлда мектеп оқушысы 16-шы қабаттан секіріп ажал құшты. Өзіне қол жұмсаған қыз 9-сыныпты енді аяқтаған. Ұстаздары оқу үлгерімі өте жақсы болған дейді. Бірақ соңғы қоңырау салтанатына 15 жастағы қыз қатыса алмады.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.06.2023
Жаныңды түршіктіретін оқиға кеше күндіз болған. Мектептен шыққан Арина бағытын үйіне емес, жақын маңдағы тұрғын үй кешеніне бұрған. Әп-сәтте өзін өлімге қия салған оқушының мұндай әрекетке баруына не түрткі болғаны әзірге жұмбақ. Өйткені соңғы қоңырауға қызу дайындалып, сыныбын безендірген олар мектептен көңілді шығыпты. Қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзі суретке де түсіп қалған. Сондай-ақ қорытынды бағаға қатысты да еш қиындық туған емес дейді мұғалімдері. Керісінше, тақтаға таласып шығып, электронды табелін 5-ке толтырған оқушының бірі сол болған екен.
Роза Мұрзатаева, Петропавл №40 орта мектебінің директоры:
- Үнемі мейірімді, беделді болды. Ешқашан мұғалімдерін, мені, атаанасын қиын жағдайға қалдырған емес. Аринада 9-сыныпты бітіріп, колледжге кетемін деген жоспар болған емес. 11-сыныпты оқимын деп жүретін. Оның үстіне өнерлі қыз еді, қолынан келмейтіні жоқ. Қай сабақ болмасын, барлық пәннің ұстаздары мақтауын асырып отырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!