Қазынаға қайтқан 100 миллиард теңгеге 62 мектеп салынады
Бүгін еліміздің мектептерінде 172 мың түлекке соңғы қоңырау соғылды. Бірақ бір аптаға ұзарған оқу жылы енді қайта өзгеруі мүмкін. Оған қатысты шешім алдағы екі аптаның ішінде қабылданады дейді оқу-ағарту министрі.
Автор: Айғаным Достанбай
01.06.2023
Оқушылар алдағы уақытта шетелге заңсыз асқан қаражаттың игілігін де көретін болады. Қазынаға қайтқан 100 миллиард теңгеге 62 білім ошағы салынады. Бірінші рет жазда соғылған соңғы қоңырау салтанатына КТК тілшісі қатысып келді.
- Бүгінгі қоңыраудың күмбірі бөлек. Жылдағыдай 25 мамырда емес, 1 маусымда соғылуы – алғаш. Ғани Бейсембаев министр лауазымына жайғасқан бетте Асхат Аймағамбетов енгізіп кеткен бірқатар реформаның күшін жойғаны есте. Бірақ 25 мамырды қайтаруға келгенде, екеуінің де ойы бір жерден шыққандай.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Енді сынға алады ғой, сын болғаны дұрыс, әркім өз пікірін айтуы да заңды дүние. Қазақта жақсы сөз бар: «Шымшық сойса да, қасапшы сосын». Сондықтан соңғы нүктені, соңғы сөзді сарапшылар айтуы керек. Жаңадан жүйе қосылғалы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Ол кеше ғана құрылған топ емес. Жұмысшы тобы өз жұмысын аяқтап, солардың ойына байланысты, өз пікірімді білдіретін боламын.
Бүгін 60 жылдық тарихы бар Астанадағы №8 мектеп-лицейдің соңғы қоңырау рәсіміне қатысқан оқу-ағарту министрі бұл жолы да тақырыпқа нүкте қойған жоқ. «25 мамырды қалдырамыз ба, әлде осыдан кейін де мектеппен қоштасу салтанаты 1 маусымда өте ме, нақтысы осы айдың ішінде белгілі болады», - дейді Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ балаларға орын тапшылығы мәселесі биыл да түбегейлі шешілмейтін секілді. Қазір ел бойынша 270 мың балаға мектеп жетіспейді. Жаңа оқу жылында іске қосылатын 100-ден аса білім ошағы 150 мың орынға арналған. Ал жемқорлардан тәркіленген қаражаттың игілігін оқушылар биылдан бастап көрейін деп отыр.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Биыл 62 мектепке қаржысы бөлінді. Биыл бұл мектептердің барлығы аяқталуы тиіс. Жаңа оқу жылына дейін үлгеруі керек. Жаңылыспасам, 100 миллиардтың айналасында. Бүгінгі күні 72 мектеп деп жоспарланып отыр. Оның 32 мектебіне қазір қаржы бөлінді. Енді қалған 10 мектебін айқындап жатыр.
Соңғы қоңырау рәсімі аяқталмай жатып, маңғыстаулық түлектер тентектік жасап үлгерді. Жеңіл көлік тізгіндегендердің жол ережесін өрескел бұзғанын жолаушылардың бірі бейнекамераға түсіріп алған. Денесін терезеден шығарып қиқуға салған жаңаөзендік оқушылардың жаңа өмірге алғашқы қадамы полиция учаскесінен басталды.
Оқу-ағарту министрлігі биыл да мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізуге болмайды деп отыр. Әсіресе ата-аналардан ақша жинап, мейрамханада аста-төк атап өткендерді министрдің сөзінше, қатаң жаза күтіп тұр. Сондай-ақ сыныптастармен табиғат аясында, өзен-көл маңында топтасуға да тыйым салынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!