{metadescription}
Талдықорғанда аутист бүлдіршіндерге арналған екі орталық ашылды
Талдықорғанда аутист бүлдіршіндерге арналған екі орталық ашылды

Талдықорғанда аутист бүлдіршіндерге арналған екі орталық ашылды

Сәбидің бәрі бақытты болуға жаралған. Балаларды қорғау күні қарсаңында Талдықорғанда аутизмі бар бүлдіршіндерге арналған орталық пен ерте араласу орталығы ашылды.

Нұрсұлтан Назарбаев қорының мұрындық болуымен жүзеге асқан бұл жобаның шапағаты енді осы өңірдегі жүздеген ерекше балаларға тиеді. Осыған дейін алысқа сабылған ата-аналардың да қуанышында шек жоқ.

Айлин аутизм диагнозы қойылған ерекше бала. Жақында төртке толды. Талдықорғанда ашылған аутизмі бар балаларға арналған орталықтың алғашқы қонақтарының бірі. «Қызым» деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін анасы Гүлшаттың енді еркін тыныстауына болады. Өйткені, мұнда Айлинге барлық жағынан қолдау көрсетіледі.

Гүлшат Құдайбергенова:

- Қызыма ұнайды. Ең бастысы, біздің Талдықорғанда аватерапия пайда болды. Негізі аватерапия алу үшін біз көбіне Алматы қаласына баратынбыз. Жол жүру балаға өте қиын болатын. Қазір өте қуаныштымыз.

Дефектолог, логопед, психолог, кәсіби терапевт секілді білікті мамандар балалармен жұмыс істеуге барын салады. Түрлі-түске боялған кабинеттердің өзі бүлдірішінді емнен қашырмай жылы тартатындай. Балалар күні қарсаңында орталық ресми түрде ашылды. Биімен бұралған, әнімен көңіл құсын самғатқан бұл бүлдіршіндер өзгелердің аутизмнен айығуға деген үміт отын жағады.

Мұнда еңбек терапиясынан бөлек, робототехника, қыш жасау, сенсор интеграция секілді бағдар бойынша сабақтар өтеді. Бастысы – тегін. Ал бұл Талдықорғанда екінші ашылған Ерте араласу орталығы. Облыстық перинаталдық орталықтың базасында орналасқан. Нейро-ортопедиялық бұзылысы бар үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. Жыл сайын кемі 600 балаға көмек көрсетіледі. 

Әйгерім Лебаева, Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Үш айдан үш жасқа дейінгі балалар ем, оңалту емін алады. Сонымен қатар бұл жерде өте мұқият команда жұмыс істейді. Невропатолог, педиатр, реабилитолог, ЛФК инструкторлары, массажистер, логопед, дефектолог, психологтар бірлесіп жұмыс істейді.

 «Самұрық Қазына» мен «Қазақстан халқына қоры» озық үлгідегі техникалармен кабинеттерді жарақтандыруда қол ұшын созған. Нұрсұлтан Назарбаев қорының бастамасымен құрылған «Қамқорлық» қорының бұл кезекті жүзеге асқан жобасы. 2020 жылдан бері тоғыз ерте араласу орталығы ашылды. Жыл аяғына дейін тағы онын ашу жоспарда бар.

Әлкей Марғұланұлы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Талдықорған қаласындағы біздің ашылған екі Ерте араласу орталығы мен «Қамқорлық» аутизм орталығында осы облыстың жаңадан құрылған Жетісу облысының бүлдіршіндерінің алысқа бармай, ең сапалы деңгейдегі 21 күнге арналған бағдарламалық ем алу мүмкіндігі туып отыр. Мұның барлығы тегін жүзеге асырылады. Біз осы жобаны жүзеге асыруда, ең бірінші кезекте, балаларға және  балалардың қажетін толық қамтитын инфрақұрылым жағдайын жасауға бар мүмкіндігімізді салдық.

 «Қамқорлық» қоры алдағы уақытта 20 аутизм орталығын ашамыз деген межені алға қойған. Ол кезде бұл жобаның шарапатын аудандар да көреді. Бүлдіршіндерге бақытты балалық сыйлауды басты бағдары еткен қордың халыққа атқаратын жұмысы әлі де алда.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде