Түрмеде де Балалар күні аталып өтті
Соңғы қоңырау бүгін түрмедегі балаларға да соғылды. Биыл жасөспірімдерге арналған еліміздегі жалғыз колониядан 15 бала мектепті тәмәмдады. Бұл мекемеде кәмелетке толмағандар да көп. Сондықтан бүгінгі Балалар күні де қатар аталып өтті.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
01.06.2023
Албырттықтан опық жеген жасөспірімдер ата-анасымен қауышып, бір мауқын басты. Балалықпен от басып, өмірі түбегейлі өзгерген сотталушылармен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.
Жасөспірімдерге арналған еліміздегі жалғыз колония. Мұнда кірудің өзі көп уақытты алады. Әрқайсысын жіті тексереді. Қанша дегенмен, сотталғандардың қолына қауіпті зат түспеу керек. Ал сол қауіпті заттар осы жақта көрсетілген. Кесіп-тесетін құралдардан бастап, ұялы телефондарға дейін бар. Тексерістен өткізуі де бекер емес. Мұнда тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдер жазасын өтейді. Солардың бірі – әке-шешесінен ерте айырылған Осман. Ұрлықтан бастап, бопсалауға дейін барған. Ақыр соңында, біреумен жолды бөлісе алмай, пышақтап тастапты. Ол кезде Осман небәрі 15 жаста болған.
Осман:
- Төбелес болып кетті. Олар өз балаларын жинап, біз өз балаларымызбен барып, сол жақта пышақтастық. Бір адамды пышақтағам, жеті рет. Мойнан бастап, бауырына дейін пышақтағам.
Ақ жейде. Қара шалбар. Көңілде мұң. Өткенге өкініш. Ойнақтап жүріп от басқан жасөспірімдерді қазір бір мекеме ғана байланыстырады.
Нысанның жалпы аумағы төрт жарым гектар. Мұнда негізгі төрт ғимарат бар. Біріншісі – жатақхана. Осында жасөспірімдер тынығады, демалады, ұйықтайды. Былайша айтқанда, тіршілігінің басым бөлігін өткізеді. Екіншісі – білім алатын мектеп. Үшіншісі – асхана. Ауырып қалған жағдайда медициналық бөлімшеде емделеді.
Қазір мұнда 36 бала жазасын өтеп жатыр. Бәрі бірдей дойбы ойнындағыдай келесі қадамын ойланып басатын болған.
Дастан:
- Шығамын, жұмыс істеймін, терлеймін, атаанамды бағамын. Өйткені кезінде қатты бай болмасақ та, аш жатқан жоқпыз. Енді ата-анама қайтаратын уақыт келді деп есептеймін.
Бүгін соңғы қоңырау мен Балалар күні сәйкес келіп тұрған соң, мекемеде өткен шара да ауқымды. Сотталғандар жақындарымен қауышып, талай ананың көз жасы тамды. Албырттық кесірінен опық жеген жасөспірімдерге білім берген мұғалімдерге грамота табысталды. Соңында кең дастархан жайылды.
Дәурен Мәшімбаев, Алматы қаласы №11 мекеме бастығының орынбасары:
- Сотталғандар әкешешесімен қауышатын күн. Сотталғандармен әлеуметтік байланыс ажырамасын деп, әкесі-шешесін мекеменің ішіне жинап отырмыз. Мекеме бастығының жоспары бойынша жылына үш-төрт рет жасаймыз. Осындай мереке күндеріне орай Ашық есік күнін өткіземіз. Соңғы он жылмен есептегенде, сотталғандар саны едәуір төмендеді.
Расында да былтыр дәл осы уақытта 63 бала жазасын өтеп жатқан. Биыл екі есе азайған. Дегенмен есірткі саудасын қыздыратын жасөспірімдер айтарлықтай көбейген. Мәселен, небәрі бір жарым жылда есірткіні жасырып сатқан сегіз бала түрмеге түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!