Астанада паралимпиадалық боччадан чемпионат басталды
Астанада паралимпиадалық спорт түрі боччадан Қазақстан чемпионаты басталды. Осымен екінші рет өтіп жатқан ел біріншілігіне 10 облыстан 50-ге жуық параспортшы келген.
Автор: Мерей Қалиасқар
01.06.2023
Бочча - тірек-қимыл аппаратының ауыр зақымдануы бар адамдар қатыса алатын бірден бір спорт түрі. Дәлдік пен ептілікті дамытуға арналған ойын елімізде кейінгі екі-үш жылда қарқынды дамып келеді. Шараның ашылу салтанатына қатысқан белгілі қоғам қайраткерлері мен спортшылар инклюзив орта қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша қолдау қажетін атап өтті. Ұйымдастырушылар да бұл чемпионаттың маңызы зор екенін айтады. Себебі, ұлттық құрама осы бәсекенің нәтижелері бойынша жаңартылып, ел намысын байрақты додаларда қорғайтындар анықталады.
Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының басшысы:
- Осы жылда бірнеше халықаралық жоспарлар бар. Осы күзде Қытайда Азия паралимпиада ойыны өтеді. Егер сол ойындардан, боччадан жеңімпаз шықса, онда біз паралимпиада ойындарына лицензия ала аламыз. Спортшыларымыздың көзі шынымен жанды, өйткені өз күшіне сеніп, болашақта халықаралық аренаға шығамыз деген арманы пайда болды.
Өңірлерде іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен ойыншылар маусымның төртіне дейін бірнеше жас деңгейі мен әр түрлі санат бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жалпы қатысушылар қатарында ДЦП, Даун синдромы, аутизм, психикалық дамудың баяулығы және өзге де дертке шалдыққан балалар мен ересек азаматтар бар. Рухы асқақ, жігері мықты жандар жарысқа тыңғылықты дайындалып келген. Ата-аналар ерекше қажеттілігі бар азаматтарды осындай сайыстарға жұмылдырудың маңызы зор екенін жеткізді.
Қайрат Төрешов - жарысқа қатысушының әкесі:
- Былтыр, ең бірінші басталған кезде осыған алғаш рет барып қатыстық. Бұл баланың спортқа деген көңілі, құштарлығы күшті боп кетті. Жарысқа екінші келіп отырмыз, өз қаламызда ұттық, бірінші орын алдық. Паралимпидада чемпионы боламын дейді. Чемпион болғым келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!