Қостанайда жарылыс болған қару-жарақ дүкенінің қожайыны сотталды
Қостанайда қару-жарақ дүкенінде болған алапат жарылысқа кінәлі азамат жазаланды. Сот бұл апатқа дүкен қожайынын кінәлі деп танып, бизнесменді бес жылға бас бостандығынан айырды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
02.06.2023
Алайда қару-жарақ дүкенінің қожайыны өз кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Бұл іс бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылған. Ал келтірілген шығын көлемі 500 миллионға жуық.
Былтыр қыркүйекте қару-жарақ дүкенінде жойқын жарылыс болып, төрт адам опат болған. Тағы алты адам түрлі жарақат алған. Дүкен қожайыны да тірідей жанып кете жаздаған. Оның денесінің 50 пайызы күйіп, өлім аузынан қалған. Кейін ол күдікті ретінде тергеліп, бүгін судья оны кінәлі деп тапты. Кәсіпкер жарылыстан бірнеше күн бұрын оқ-дәрі сатып әкелген. Бірақ арнайы орында сақталуы тиіс қауіпті заттар жарылып, дүкен мен бірнеше ғимараттың күлі көкке ұшқан болатын.
Зәуре Едікова, Қостанай облысы сотының баспасөз хатшысы:
- Сот шешімімен, азамат бес жылға бас бостандығынан айырылды. Өрт қауіпсіздігін сақтамай, абайсызда төрт адамның өліміне себепші болғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жеңіл колонияда өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!