Ерлан Сайыров: Үкімет пен халық екі әлемде өмір сүріп жатыр
«Халықтың моншаға баратын ақшасы жоқ». Апта сайын жуынудың өзі қалтаға салмақ салатын болған деп күйінді бүгін мәжілісмен Ерлан Сайыров. Қарапайым халықтың тұрмысының төмендегенін осыдан-ақ көруге болады деп есептейді депутат.
Автор: Әзиза Төленби
02.06.2023
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
- Мен өзім, мысалы, «Артем» базарына барамын. Содан кейін мына жердегі Smallға барамын. Құрметті әріптестер, адамдар күнде тұтынатын нан, май, макарон, күріш 80 пайызға өсіп кеткен. Осыны неге біз айтпаймыз? «Керемет» деген моншаға барам. Осы кезде халық жетісіне бір рет емес, екі жетіде бір рет моншаға баратын болған. Неліктен? Өйткені халықтың табысы төмендеген.
Депутаттар осындай сан мысал келтіріп, Ұлттық экономика министрін біраз тұқыртты. Мәжілісмендердің шымбайына батқаны, Әлібек Қуантыровтың айтқан статистикасы. Инфляцияның көтеріліп кеткенін біле тұра, халықтың әл-ауқаты бірқалыпты деу логикаға сыймайды деп ашуланған Сайыров "Үкімет пен халық екі әлемде өмір сүріп жатыр" деп ренжулі. Қағаздағы сан мен базардағы баға мүлдем сәйкес емес. Мәжіліс комитетінің бүгінгі отырысына келген Ұлттық статистика комитеті басшылығының да баяндамасы сыннан көз ашпады. Елдегі орташа айлық 340 мың дегенге депутаттар сол күйі сенген жоқ.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
- Біз осы арада осылай әңгіме айтқанның орнына, бүгінгі индикаторы өзгерту керек. Сіздердің индикаторларың дұрыс емес. Ішкі жалпы өнім Қазақстан халқының әлауқатының индикаторы бола алмайды. Негізгі индикатор үй шаруашылығының табысы. Ең бірінші, сөзіміз бен ана базардың бағасы екеуі сәйкес келуі керек. Менің ойымша, осындай кездесудің алдында Үкімет мүшелері міндетті түрде базарға барып шығу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!