{metadescription}
Степногорда отбасында зорлық көрген аналар далада қалуы мүмкін
Степногорда отбасында зорлық көрген аналар далада қалуы мүмкін

Степногорда отбасында зорлық көрген аналар далада қалуы мүмкін

Степногор қаласында отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап, үйінен безген аналар далада қалуы мүмкін. Өйткені қала әкімдігі орталық орналасқан коттеджді дәл бүгін босатып беруді талап етті.

Ғимаратты осыдан бес жыл бұрын жергілікті меценат кризис орталығына сыйға тартқан. Енді құны 300 миллион теңге тұратын нысанды әкімдік алмақшы. Ал ондағы аналар мен әкесінен зәбір көрген 12 балақайдың басқа барар жері жоқ.

22 жыл бұрын ашылған мекемеге отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдамаған аналар пана іздеп келеді. Меценаттар аталған кризис орталығына бес жыл бұрын осы зәулім коттеджді сыйға берген. Осы уақытта төрт мыңға жуық адам мамандардан көмек алып, қиын сәтте  қолдау көрген. Қазір де күйеуінен зәбір көрген 4 ана мен 12 бала тұрып жатыр.Күйеуінен жасырынып жүрген әйелдің  атын атап, түрін көрсете алмаймыз. Бұл жағдай осындағы барлық паналаушының басында бар жағдай.

Орталықтағы балақайлар бүгінгі балалар мерекесін де өзгелер сияқты атап өте алмады. Кейбірін тіпті туған әкесі қудалап жүргендіктен, далада да еркін жүріп-тұра алмайды. «Басынан өтпеген жан оны қайдан түсінсін»,- дейді аналары.Қиын жағдайға тап болған аналар енді орталықтан көшуі керек. Өйткені әкімдік 11 маусымда «коттеджді босатыңдар» деген хабарлама жіберіпті. Бірақ  далада қалғандарға пана болатын орталық көшіп барар басқа ғимарат таппай отыр. 

Оксана Волкова-Михальская, «Женский луч» қоғамдық ұйымының директоры:

- Меценаттар бұл коттеджді кризис орталығы, яғни бізге берген. Меморандум бойынша коммуналдық қызметке ғана ақы төлеп келдік. Енді, «босатыңдар» дейді. Басқа ғимарат іздеп көрдік, жал ақысы өте қымбат.Әрі осы жер өте қолайлы болатын. Енді қайда барады?

Ал әкімдіктің жауабы қысқа – кризис орталығы қалай да нысанды босатуы керек. Өйткені жергілікті шенділердің басқа жоспары бар.

Алмат Тоқмағанбетов, Степногор жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы:

- Үкіметтік емес ұйымдарға біз әкімдік балансындағы ғимаратты тегін бере алмаймыз. Оның үстіне 60-қа жуық мүгедек баланы орналастырып, оларға көмек көрсететін орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Алдын ала ескерткенбіз. Енді босатуға тиіс. Оларға беретін бос ғимарат жоқ, басқа қоғамдық ұйым сияқты  өзі тауып алсын.

«Барар жеріміз жоқ» деп қиналған аналар қала әкімінен де көмек сұрапты. Себебі, қамқорлыққа зәру 12 баланың арасында алты айлық сәби де бар. Алайда әкеден көрмеген жақсылықты олар әкімнен де көрмейтін сияқты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде