Өскеменде дамуы нашар және аутист баланы тегін емдейтін екі орталық ашылды
Балаларды қорғау күніне жасалған тарту. Өскеменде Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен екі орталық ашылды. Енді шаһардағы дамуы нашар және аутизмге шалдыққан науқас балалар тегін емделеді. Ал олармен арнайы курстан өткен білікті мамандар жұмыс істейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
02.06.2023
Жаңа ашылған орталық аутизмге шалдыққан 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мұнда жыл сайын 125 бала мамандардан тегін көмек ала алады. Науқас балаларға эрготерапия, емдік дене шынықтыру сынды аутизм емдеудің заманауи әдістері қолданылады. Ал ата-аналармен және балалармен жұмыс істеуге арнайы курстардан өткен мамандар таңдалған екен.
Маржан Нұрханова, «Қамқорлық» қорының бас жоба менеджері:
- Мамандар 14 курстан өтті. Олар дайындықтан бастап, кәсіби шеберлігін арттыруға дейін шыңдалды. Оқуға жұмсалған шығынның бәрін Нұрсұлтан Назарбаев қоры төледі. Мысалға, 98 маманның әрқайсысы екі үш курстан өтеді.
Сондай-ақ шаһарда ерте араласу орталығы ашылды. Мұнда жыл сайын дамуында ауытқуы бар үш жасқа дейінгі 60-қа жуық бала бейімдеу және оңалту көмегін алады.
Әлкей Марғұланұлы, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:
- Ең негізгі жетістік – атааналарға беретін жеңілдік. Орталықтардың жұмысы жүйелі түрде жүзеге асырылады. Егер оңалту орталықтары 21 күндік, мысалы стационарлық емге бағыт-бағдар алса, аутизм орталықтары күнделікті екі маусым режимде жұмыс істеп жатыр.
«Қамқорлық» қорының бастамасымен елімізде 15 оңалту, 7 ерте араласу орталығы және 16 инклюзив кабинет жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!