Болашағы жоқ 2800 ауылдың ертеңі не болмақ ...
"Болашағы жоқ ауылдарға болашақ жасап бере алмасаңыз, неге отырсыз?" Үкімет сағатында мәжілісмендер бүгін Ұлттық экономика министрін әбден сынға алды. "Елдімекендерді дамытудың стандарттары" жобасын төменгі палатаға алып келген Әлібек Қуантыров алдағы уақытта ауылға қандай қолдау көрсетілетінін айтқан.
Автор: Айғаным Достанбай
05.06.2023
Министрдің ауылды «болашағы бар», «болашағы жоқ» деп бөлгені мәжілісмендердің біразына жақпай қалды. Үкіметтің есебінше, елімізде 2800 ауыл болашағы жоқ елдімекен тізіміне еніпті. Олардың ертеңі не болмақ?
«Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Өңірлерді дамытудың жол картасы», Ұлттық экономика министрі жыл сайын осы бағдарламаның түр-түрін Мәжіліске әкеп таныстырады. Парламент те жыл сайын министрді құр алақан қайтармайды. Аталған жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен миллиардтар жұмсалды. Әлібек Қуантыров бүгін тағы бір бума қағазын құшақтап Мәжіліске келді. Министр "елдімекендерді дамытудың стандарттарын арттырайық" дейді. Мұндай стандарттар, яғни ауыл халқының сұранысы 2019 жылмен салыстырғанда былтыр 9 пайызға өскен. Демек, қосымша қолдау, әлбетте қосымша қаражат қажет. Болашағы бар ауылдар туралы сәл кейінірек, ал «болашағы жоқ» деген санатта қазір 2800 елдімекен бар. Ол ауылдарда 700 мың-ға жуық адам тұрып жатыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Кейбір ауылдарда тұрғын саны азаяды. Ал енді кей ауылдар қалпына келтіріліп, қолдау табады. Бұл әр өңірдің саясатына байланысты.
Ринат Зайытов, Мәжіліс депутаты:
- Енді балалар не істейді? Қашан мектеп салынады деп қарап отыра ма? Бар мектепті қазақшаорысша ретінде араластырып жіберген. Енді қазақ мектебінде орын жоқ, аралас мектепте бар болып тұр.
Болашағы бары да, жоғы да... қысқасы, ауылдағы ағайынның бәрінде бірдей аузынан ақ май ағып отыр деуге келмейді. Бірінде ауызсу жоқ, бірінде жол жоқ, өзгесінде инфрақұрылым ақсап тұр. Не керек, депутаттар бірінен соң бірі микрофонды жұлып алып, елдімекендердегі проблемаларды тізді. Депутат Нұртай Сабилянов ауыл мен қаланың арасындағы алшақтықты тез арада реттеу керек дейді. Мәжілісменнің дерегінше, ауылдардың 50 пайызында интернет жоқ, ал мектептері асхана, спортзал, кітапханалармен толық қамтылмаған.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
- Қазіргі кезде елдімекендерге арналған "Өңірлік стандарттар жүйесі" халық санына байланысты объектілердің сандық көрсеткіштерін ғана қамтиды. Мысалы, мектеп, аурухана, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің нақты саны. Ал сапа көрсеткіші ескерілмейді. Атап айтқанда, күрделі жөндеу жүргізудің қажеттілігі, апаттылық, материалдықтехникалық базаның қажеттілігі сияқты және т.б. Бұл елдімекендерде мектептер, медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, жол сияқты және т.б. нысандардың қандай күйде екені назардан тыс қалуына әкеледі.
Өңірлік стандарттар бойынша қазір Алматы, Астана қалалары мен Павлодар облысы алғашқы үштікте екен. Ал Шығыс және Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары көш соңында.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Онда бірнеше себеп бар. Осы өңірлерде ауыл көп және оның біразына тиісті деңгейде назар аударылмаған. Мәселен, Түркістан облысы аумағында 2 миллионнан астам адам тұрады. Ол жерде ауылдар бірбіріне тым жақын орналасқан. Бір ауылдың өзінде тұрғын көп болғандықтан, ол елдімекенде инфрақұрылым салу оңайырақ. Ал Солтүстік Қазақстан немесе Батыс Қазақстан облыстарыне тоқталсақ, онда ауыл арасы алыс, жол салу немесе инженерлік коммуникация тарту шығыны жоғары. Дегенмен біз жол салуымыз керек.
Елімізде 6293 ауыл бар. Бұл елдімекендерде жалпы халық санының 41 пайызы тұрып жатыр. 2019-2022 жылдарға «Ауыл ел бесігі» жобасына 200 миллиард бөлінген еді. Ұлттық экономика министрі осы жылы тағы 200 миллиард бөлінгенін айтты. "Жарты триллионға жуық қаражатқа ауылдың төрт құбыласын тең ете алмасақ, шынымен де жауапты министрдің кәсібилігіне күмәнмен қарауымыз заңды" - дейді депутаттар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!