{metadescription}
Шомылу маусымы басталғалы 11 адам суға кетіп өлген
Шомылу маусымы басталғалы 11 адам суға кетіп өлген

Шомылу маусымы басталғалы 11 адам суға кетіп өлген

Суға түсу маусымы басталғалы еліміздегі өзен-көлдерде 11 адам ажал құшқан. Өткен демалыста үш ересек адам құтқарылғанымен, 8 адам, оның ішінде екі бала суға кетті. Қайғылы жағдайдың 80 пайызы шомылуға тыйым салынған жерлерде болады.

Мас күйде суға түсу – ажалдың бірден-бір себебі. Шомылу маусымының алғашқы бес күнінде құтқарушылар Астанадағы жағажайларды аралап, азаматтарға қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

Күн ысыса, жұрт жанға саяны Есілдің жағасынан іздейді. Бұл тұста құтқарушылардың жұмысы қауырт, тәулік бойы өзен бетін шолады. Бас қалада 21 учаскеде шомылуға тыйым салынған. Суға түсуге рұқсат берілген тек төрт орын бар. Олар ақылы болғандықтан, тұрғындар оған оған барғысы жоқ. Қараусыз жүрген балалар тыйым салынған жерде суға түссе, ересектердің жөні мүлде бөлек. Алкоголь жалынын өзеннің салқын суымен басқысы келеді. Енді бірі өз күшін жете бағаламайды. Соңы – өкініш.

Азамат Жұмекешов, Астана ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкері:

- Шомылу маусымы басталғаннан бері бір адам суға кетті. Ол 1996 жылғы ер азамат. Өз күшін есептей алмағандықтан, жағаға жетпей, суға батып кеткен. Үш адам құтқарылды, оның ішінде екеуі бала. Күні кеше, жексенбіде Ақбұлақ маңындағы тыйым салынған жерде бір бала суға түсіп жүрген, біздің жедел құтқару жасағының қызметкерімен сол бала құтқарылды. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ол бала оқиға орнынан қашып кетті.

Күні бойы сақ отыратын құтқарушылар дабылды ести сала, жедел жиналып, ажалға араша түсуге асығады. Одан қалды нұсқау парақшаларын таратып, ақпараттық белгі қойсақ, қайғылы жағдайды жойсақ деп, барын салып-ақ жүр.

Құтқарушылар қауіпті жерлердің шекарасын шегелеп қойған. Алайда жұрт ақпарат белгісін ескере бермейді дейді. Дәл біздің алдымызда осы маңда бір топ адам суға түсіп, күнге қыздырынған.   

Осынау аптап ыстық күндері басы айналып, қан қысымы көтеріліп құлағандар жайлы ақпарат естімесек те, дәрігерлер сақтықта қорлық жоқ, неғұрлым күн астында жүрмеуге кеңес берді.

Арман Әлібеков,  №10 емханасының бөлім меңгерушісі:

- Күн астында көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналып, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі бопбоз болып кетсе – күн өткен. Аптап ыстықта қан қысымы жоғары, онкологиялық, жалпы созылмалы ауруы бар адамдарға далаға шықпаған абзал.

Бұл күндері еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы 40 градустан жоғары болып тұр. Синоптиктер сынап бағаны тағы да 5-6  градусқа көтеріледі деп отыр.

Бақытжан Қанатұлы, "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі:

- 6 маусым еліміздің оңтүстігінде, орталығы мен шығысында, 7 маусым күні тек солтүстігімізде, 8 маусым күні еліміздің оңтүстік шығысында 41 градусқа дейін, оңтүстікте 46 градусқа дейін өте қатты ыстық сақталады. 8 маусымнан бастап, республиканың солтүстікбатыс пен солтүстігінде 22-30 градусқа дейін ыстықтың бәсеңдеуі күтіліп жатыр.

Мамандар жаймашуақ, желсіз ауа райында шомылған абзал дейді. Су температурасы +20, ал ауаның температурасы +25-тен төмен болмауы керек және бастысы, арнайы рұқсат етілген, құтқару қызметі бар жерде шомылу қажет. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

05 қазан

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде