Аудит: Бюджеттің миллиардтаған қаржысы желге ұшқан
Қазына қаражатының тиімсіз игерілуіне қатысты 6 қылмыстық іс қозғалған. Мәжіліс бүгін 2022 жылғы бюджеттің орындалуы жөніндегі құжатты үш сағат талқылады. Жоғары аудиторлық палатаның тексеріс нәтижесінде бюджеттің миллиардтаған қаржысы желге ұшқаны анықталған.
Автор: Айғаным Достанбай
07.06.2023
Ал сол қаражатқа үш ауысымды мектептер мәселесін шешіп немесе жылу электр орталықтарын бастан-аяқ жөндеуден өткізуге болады екен.
Наталья Годунованың Парламентте төбе көрсетуі сирек. Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құрылғанда президент жылына екі рет мәжіліске есеп беруін міндеттеген. Годунова ханымның бүгін көңіл күйі жоқ. Аудиторлық палата 2022 жылы меморгандардың жұмысынан бірсыпыра кінәрат тапқан. Әңгіме миллиондар емес, жүздеген миллиардтар туралы.
Наталья Годунова, Жоғары аудиторлық палата төрайымы:
- Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау көбінесе мердігерлер мен жеткізушілер есебінен жүзеге асады. Өйткені бюджет саласы ашық болған сайын, қулықсұмдығын жасыру қиындай түсуде. Төрт жыл бұрын біз жоба-смета құжаттамасын 30 пайызға дейін асыра бағалау деп есептеп, бұл соманы жылына шамамен 1 триллион деп бағаладық. Алайда қазір құрылыс материал бағасының өсуін және жоғары инфляция туралы әңгімені желеу етіп, жобалар қымбаттаған үстіне қымбаттап жатыр. Мәселен, осы 1 триллион теңгеге біз үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіп, жылу электр орталықтарын жөндеуге жұмсар едік.
Иә, жұмсар едік... Меморгандар бюджет қаржысын түбі тесік шелекке айналдырып алмағанда. Мәселен, қорғаныс министрлігінен 5,1 миллиард теңгенің ретсіз жұмсалғаны анықталған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – 2,9 миллиард теңге, мәдениет және спортқа бөлінген 1,3 миллиард теңге құмға судай сіңген. Осындай заңбұзушылықтардың бірсыпырасын аудиорлық палата құқық қорғау органдарына өткізген. Қазір 6 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Бірақ нақты қай министрліктің мәселесі майшаммен қаралып жатқаны айтылмады.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
- Бюджет бір жылда 1 триллион теңгеге түзетіліпті. Осындай «тамаша» цифрдың артында не тұр? Уақтылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан мыңдаған оқушы үш ауысымда оқуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға ғана қатысты. Ондай мысалдарды басқа да саладан көптеп келтіруге болады. Ал мұның артында адам тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына бұл көрсеткіштердің бәрі тікелей әсер етеді. Осыны естен шығармауымыз, ұмытпауымыз керек.
Жоғарғы аудиторлық палата төрайымы қаржыландыруы қомақты, бірақ нәтижесі нөлге тең тиімсіз ұлттық жобаларды да сынға алды. Шенеуніктер қаптаған жұмыс орны ашылып жатқаны жөнінде есеп береді, бірақ еңбек министрі жұмыссыздықтың артып келе жатқанын айтып дабыл қағады – парадокс.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
- Біздің сайлаушыларымыз: «Үкімет шешімдері кабинетте жақсы болса, біздің өміріміз неге күнненкүнге төмендеп бара жатыр?» деп, бізге сұрақ қояды. Міне, сіздердің осы бюджетті игерудегі тәтіпсіздік халқымыздың әл әл-ауқат, тұрмысының күннен-күнге төмендеуіне алып келетін негізгі факторларының бірі.
Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы бюджетті игеруге қатысты дайындаған құжаты үш сағат бойы талқыға түскенімен, қабылдану-қабылданбауы парламенттің кең отырысында нақтыланады. Ал әзірге Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы мен ақжолдықтар құжаттың шикі тұсы көп деп, қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Жоғары аудиторлық палата биыл "Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру" қорына тексеріс жүргізе бастайды. «Оның нәтижесі 2024 жылдың маусым айында дайын болады», - дейді Годунова.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!