Ақтөбелік жүргізушілер автогаз іздеп сабылып жүр
Ақтөбелік жүргізушілер автогаз таба алмай сабылып жүр. Бірер күн бұрын газ тек талонмен ғана беріле бастаған. Енді ол да жоқ. Газ тасымалдаушылар тапшылық ұзаққа созылады деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.06.2023
Алтынай Мұқанова, Ақтөбе облысы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы:
- Айдың жиырмасынан кейін жағдай қиындайды. Нағыз тапшылықтың көкесі ай аяғында байқалады. Министрлік бөлген көлем біздің аймаққа жетпейді. Әсіресе жазда автогазға сұраныс артады. Ал жауапты басқармалар тапшылық болатынын, мәселені шешу үшін сұранысты алдын ала жіберу керек еді.
Қазір қаладағы автогаз сататын бекеттердің бәрінде «газ жоқ» деген тақтайша ілінген. Ірі желілерде де газ таусылған. Ондағылар тапшылық өткен аптада басталды деп отыр. Сондықтан бірнеше күн бойы тек талонмен ғана сатқан. Энергетика министрлігінің аймаққа бөлген газ көлемі мардымсыз дейді газ тасымалдаушылар. Ақтөбедегі көліктердің басым бөлігі көгілдір отынмен жүреді. Ал айына облысқа 13 мың тоннадан аса автогаз қажет. Бірақ министрлік қазір он мың тонна ғана бөліп отыр.
Нұртай Сертаев, Ақтөбе облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Газ өндіретін зауыттардан сұратқан ақпаратымызға сәйкес, Ақтөбе облысына 2408 тонна сұйық газ шығарылған. Бұл 22 пайыз. Әлі зауыттан алынбаған 8339 тонна газ бар. Және энергетика министрлігі 1260 тонна қосымша газ бөліп отыр. Оған тапсырысты толтырып жібердік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!