{metadescription}
Түркістан облысында бес ауылдың тұрғындары газ-бу жобасына тағы қарсы шықты
Түркістан облысында бес ауылдың тұрғындары газ-бу жобасына тағы қарсы шықты

Түркістан облысында бес ауылдың тұрғындары газ-бу жобасына тағы қарсы шықты

Түркістан облысындағы бес ауылдың тұрғындары электр қуатын өндіретін газ-бу қондырғысының құрылысына тағы қарсы шықты. Кезекті рет үндеу жасаған олар жобаны тоқтатуға талап қойып отыр.

Экологиялық апатқа әкелуі мүмкін деп дабыл қаққан белсенділер Астанаға барып арыз-шағым айтқан. Ал атқамінерлер газ-бу қондырғысынан келетін  қауіп жоқ дейді. Бүгін осы мәселеге қатысты екі министр жауап беріп, жұрт күдігін сейілтуге тырысты.

Маятастағы тұрғындардан маза кеткеніне бірнеше аптаның жүзі болды. «Бу генераторын орнатады» деген жаңалық шыққалы жарғақ құлағы жастыққа тимеген жұрт ауық-ауық наразылық білдіруде. Бадам өзенінің бойындағы газ-бу қондырғысын іске қосса, қоршаған орта ластанып, уланамыз деген бес ауылдың тұрғындары кезекті рет үндеу жариялады.

Бу генераторына пайдаланылатын су экологияны ластайды дейді тұрғындар. Тіпті бұл жобаның қауіпті немесе қауіпсіз екенін де ешкім бізге түсіндірмеді деп қапалы. Ал атқамінерлер бу қондырғысының қоршаған ортаға еш зияны жоқ деп сендіруде. Керісінше, жоба жүзеге асса, қосымша жұмыс орындары ашылады және ең бастысы, елдегі энергия тапшылығын жоюға септігін тигізеді деді энергетика министрі.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Обьективті қарайтын болсақ, елге электр энергиясы қажет. Ал газ генерациясы экология талаптарымен көмір генерациясынан әлдеқайда жақсы әрі тиімді. Осы жағынан алып қарайтын болсақ, энергия балансын ұстауға мүмкіндік береді. Қыста бізде электр энергиясы жетіспейтінін де ескеру қажет. Бұл жоба Үкімет қадағалауында болады деп айта аламын.

Құны 600 миллиардқа бағаланған жобаға Шымкент шетіндегі бұрын бидай мен жоңышқа егілген 100 гектар жер таңдалған. Генераторға қажет су Маятас ауылындағы Бадам су қоймасынан алынады. Экологияға алаңдаған тұрғындар ақ-қарасын ажыратсын деп, Астанаға арнайы барып, экология министріне де шағым жазған. Зүлфия Сүлейменова жобамен танысқанын, қоршаған ортаға тигізер әсері туралы тиісті түсіндірме берілгенін мәлімдеді. Тіпті алдағы уақытта құрылыс басына барып, халықпен жүздесу де жоспарында бар екен.  

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- ОВОС енгізілді. Оны қарадық. Бар пікірімізді бердік. ОВОС бойынша құжат бізде заңда қарастырылған регламентпен бір ай бойы халыққа қолжетімді болды. Бізге белсенділер де келді. ОВОС бойынша оларға барлық түсініктемемізді бердік. Шымкент қаласына бару қазанда жоспарланған.

Министр бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтетінін, қауіпсіздігі, санитарлық қорғау аймағы ескерілетінін айтты. Ал көңілі көншімеген көпшіліктің енді мемлекеттік сараптама қорытындысын күтуден басқа амалы жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде