{metadescription}
Ақтөбеде баспанасы апатты 35 отбасы тентіреп жүр
Ақтөбеде баспанасы апатты 35 отбасы тентіреп жүр

Ақтөбеде баспанасы апатты 35 отбасы тентіреп жүр

Ақтөбеде 35 отбасы далада қалды. Себебі, баспаналары бес жыл бұрын апатты деп танылған. Жақында жаңа инвестор табылып, құлағалы тұрған үйдің орнына бес қабатты ғимарат салуға уәде беріпті. Тіпті жобасын да жасап қойған.

Алайда құрылысты бастауға осы маңдағы көршілер қарсы шыққан. Олар жапсарлас тұрған аумаққа жаңа үй салғызбаймыз дейді. 

35 отбасы осыдан бір ай бұрын ескі үйден көшірілген. Қазір есік-терезесі сынып, бұл жер қаңғыбастар мекеніне айналыпты. Инвестор ескі ғимаратты толық сүріп, орнына бес қабатты үй салуы керек еді. Бірақ бұл жобаға көршілер кедергі келтіріп жатыр дейді жиналғандар. 

Гүлбану Үрбісінова:

- Бір ай бұрын осылай істеледі деген. Келісім берілген. Біз көшіп кеткен соң есіктерезесін, бәрін алып кеткен. Иесіз тұрған соң, тонап кеткен. Бәріміз пәтер жалдап жүрміз. Қазір баспана қымбат екенін білесіздер. Бір бөлмелісі 80 мың. Мен бес балалы анамын, маған қиын. Бұл үйді тезірек салу керек қой.

Самал Дүзембаева:

- Проблема – жанжағындағы үйлер. Мына жерді алып жатырмыз ғой. Мына жерді біз 16 жыл тұрғанда көрші тұрған үйлердің біреуі де жинастырған жоқ. Ауланы да осы жатақхана жинайтын едік. Еш уақытта жинап көрген жоқ. Енді келіп біз үйді Г қылып салатын кезде, «неге Г қылып салады, жер бермейміз» деп қарсы болып жатыр.

Қос қабатты ғимарат осыдан 75 жыл бұрын отбасы жатақханасы ретінде ағаштан тұрғызылған. Енді оның орнына жаңа үй салып, инвестор осында тұрған 35 отбасыны баспанамен қамтуды өз мойнына алыпты. Бірақ көрші үйдің тұрғындары жаңа құрылысқа қарсы шығып жатыр.  

Бауыржан Қитанов, медігер компанияның директоры:

- «Жобаны кесіп тастаңыздар», «бір подъезді алып тастаңыздар» дейді. Ол ойыншық емес қой. Бұл үй алпыс пәтерлі болады деп отырмыз. Оның 35 пәтерін осында тұратын тұрғындарға береміз. Бізге не пайда қалады? Ол деген 800 миллион тұратын жоба. Қазір мынаны кесіп тастасақ, пайдасы болмайды. Пайдасы болмаған соң, инвестор келмейді. Біз шығынға батамыз.

Әкімдіктегілер көрші үй тұрғындарын жинап, қоғамдық тыңдау өткізбекші. Құрылыстың салынар-салынбасы тек содан кейін шешіледі. Сондай-ақ жаңа жобаның сараптама құжаты да әлі дайын емес дейді атқамінерлер. 

Сұлтан Аманшин, Ақтөбе сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Әкімшіліктен рұқсат қағазын алды. Қазір эскиз жобасы да келісілді. Әрі қарай инвестор жұмыс жобасын жасап, содан кейін сараптамадан өтуі керек. Заңға сәйкес қадамдары бар. Солардан өту керек.

Бұл даудың қашан шешілері әзір белгісіз. Ал құлағалы тұрғын үйден көшірілген 35 шаңырақ өз ақшасына пәтер жалдап тұрып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде