{metadescription}
Астана тұрғындарына су қашан беріледі?
Астана тұрғындарына су қашан беріледі?

Астана тұрғындарына су қашан беріледі?

Судың жайы әлі шешілетін емес. Кейбір тұрғын үй кешенінде тіршілік нәрінің жоқ болғанына аптадан асты. Шара мен шелек арқалап су іздеуден мезі болған тұрғындардың көбі пәтерін тастап, оң жағалауда тұратын туыстарын жағалап кеткен.

- Далада 40 градус ыстық. Не жуына алмаймыз. Ештеңе істей алмаймыз. Сасып жүрміз.

Елордада сол жағалаудың төрінде бой көтерген бизнес-класс санатындағы үйде тұрса да аңқасы кеуіп жүрген халықтың қарасы көп. Тіршілік нәрінің нақты бұл кешенде тоқтағанына бүгін төртінші тәулік. Не ыстық, не суық жоқ. 

Бейсенкүл Жүнісова:

- Мұнда денсаулығы жоқ адамдар бар. Жастар басқа жаққа барады. Ал үлкен қариялар не істейді? Өткенде халық шулағаннан кейін ғана мында арнайы машинамен су әкелді. Оның өзінде бірақ рет келді. Біздің үйіміз бизнес-класс. Мұндай үйде сусыз тұрған жақсы жағдай емес.  

Ауыз суға жарымаған тұрғындардың алды оң жағалаудағы туыстарын жағалап кеткен. Ал ол жақта жақыны жоқтар қайтеді? Амалсыздан суды сатып алады. Әне-міне тоқтап қалар деп, шара мен шелекке қара суды толтыра берудің өзі де әбігерлік. Төңіректегі осы бизнес, элит санатындағы үйлерді жарақтандыратын компания бүгін ашулы жұртқа ірі қос су сорғысын сатып алдық деп сүйіншіледі. Айтуларынша, екі күнде сорғы іске қосылып, суды орталық жүйеден қосымша қысыммен тартпақ. Сәйкесінше бұл кешен суға қарық болғанымен, жақын маңдағы басқа үйдің біразында су тамшылап, одан қалса мүлдем ақпай қалуы мүмкін.

Серік Төлебаев, сервис компаниясының бас директоры:

- Мен кепілдік беріп болмайды деп айта алмаймын. Өйткені біз қосымша су сорғыштарды қойғаннан кейін олар орталық жүйеден су алады.  Оларда да проблема болуы мүмкін.

 «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының суды кесте бойынша төмен қысыммен беріп отырғанына бес айға жуықтады. №3 су сорғыш-сүзгіш станция іске қосылса болды, мәселе түп-тамырымен шешіледі деп дүйім жұртты сендіруде. Алайда танымал сәулетші, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков о баста қаланың бас жоспары дұрыс сызылмаған деп отыр. Халық тез көбейді, жаңа құрылыс көз ілестірмейтін шапшаңдықпен өсті. Ал су құбырлары сол 700 мың тұрғынға шақталған күйде қалған.

Жандарбек Мәлібеков, сәулетші:

- Жобалауда бастапқыда қателік кеткен. Өйткені, сіздер білесіздер, 700 мыңға дейін болады деп ғой. Соның өзі асып, қазір 1 миллион 300 болайын деп жатыр. Одан да асып, 2 миллионға барып қалуы мүмкін. Ал сіз айтып отырға су мәселесіне тоқталатын болсақ, мынадай құбыр салудың орнына мынадай салған. Оны кейінгі шағынаудандар көтере алмайды.

Қазір бас қалада аптап ыстық. +35, +40 градус. Күнмен бірге қарапайым судың да мәселесі күйіп тұр. Шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек бір айдың ішінде тапшылықты толық жоямын деп уәдесін беріп қойды. Ал әзірге Астана су арнасындағылар «суды үнемдеп үйреніңіздер» деп, астаналықтарға күнде құлақағыс айтуда. Алайда үнемдеуге су таппай отырғанда қайтеді, сол жағы белгісіз.....

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде