Алматы саябақтарында электрсамокатпен жүруге тыйым салынды
Алматыда электрсамокаттардың саябақта жүруіне тыйым салынды. Бүгін қала әкімдігі электрсамокат қозғалысын шектейтін аймақтар анықталғанын мәлімдеді. Жалға беру қызметін ұсынатын компаниялардың қосымшасында енді шектеу туралы хабарлама көрсетіледі.
Автор: Асқарбек Қазанғап
08.06.2023
Бұл жаңалыққа жұртшылық пікірі екіге бөлінді. Миллионды мегаполистің нақты қай жерінде самокатпен жүруге болмайды?
Осыған дейін оңды-солды ойқастаған самокаттардың тізгінін тартуға тура келеді. Алматы әкімдігі саябақтарда, адам аяғы үзілмейтін арнаулы жерлерде электрсамокатпен жүруге тыйым салды. Бірақ бүгін шыққан жаңалық көптің құлағына жетіп үлгермеген. Бәрі алаңсыз, бұрынғыдай электрсамокатпен жүйткіп жүр.
Солардың бірі – Нұрбек Жасынбеков. Алматыға жақында келді. Маңдайынан осылай жел есіп жүргенді ұнатады. Есі кеткендей есіріп жүретіндерге тыйым салғаны дұрыс, бірақ оңтайлысы қосымша жолақ сызса деген ойымен бөлісті.
Нұрбек Жасынбеков:
- Абайлап, ережемен жүру керек. Бөлек жолақ болса, сарымен боялған. сол жермен жүрсін деп. Дұрыс жүрмейтін есерлер де көп. Өзім көріп жүрмін, есер жігіттер көп екен. Құтырып, жас болған соң. Солардан қорқуға болады.
Саябаққа келсе, самокаттан сәт сайын ыршитын, баламды қағып кетпесін деп экстрим демалыстан есі шыққан ата-аналардың көңілі енді жайланар. Соңғы жаңалық жаяу жүргіншілердің көбіне майдай жақты.
Дана Қабзуданова:
- Қатты жылдамдықпен жүретін қауіпті көлік жүрмеу керек деп ойлаймын. Өйткені байқаусызда баланы қағып кетсе немесе тіпті аяғы ауыр әйелдер бұл жерге демалуға келеді. Сондықтан бұл жерде жаяу серуендеу керек.
Самокаттардың жүруіне шектеу қойылған жерлер:
«Оңтүстік»;
28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы;
Орталық мәдениет және демалыс;
Тұңғыш президент;
«Солтүстік» саябақтары;
Қазақ-британ техникалық университетінің де аумағы;
Ботаникалық бақ;
«Арбат»;
Тереңқұр.
Панфилов көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер аумағы және Желтоқсан мен Чайковский көшелерінің көшесі арасындағы Мақатаев көшесінің бойындағы қоғамдық саябаққа шектеу енгізілді. Бірақ бұл ереженің тек жалға алатын самокаттарға қатысы бар.
Мұрат Түменбай, Алматы мобильдік басқармасының бас маманы:
- Біз қалғанын бақылай алмаймыз. Тек қана жалға алатын төрт кикшеринг компания, солар ғана өзгеріс енгізді. Жабылған жерге кіретін болса самокат автоматты түрде тоқтайды. Бұл жерде еш ереже бұзылмайды. Енді жекеменшік, өзінің жеке самокаты бар адамға ондай шара қолдана алмаймыз.
Ереже бүгін енгізілді. Күшіне енді. Алайда әкімдік айтқандай, саябаққа кіргенде тоқтап қалған жалға алатын самокаттарды көрмедік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!