Астана әлемдегі мәселелерді талқылайтын алаңға айналды
Елорда әлемдегі мәселелерді талқылайтын алаңға айналды. Астана халықаралық форумы жұмысын бастады. «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» деп аталатын алқалы жиында жаһан қауіпсіздігінен бастап, экономика мен экологияға дейінгі барлық тақырып талқыға салынып жатыр.
Автор: Мерей Қалиасқар
08.06.2023
Қонақтары да осал емес – мемлекет басшылары, алпауыт компаниялар мен әлемге белгілі ауызы дуалы сарапшылар.
Жылдың айтулы оқиғасы Астана халықаралық форумына мыңнан аса қонақ келді. Оның ішінде 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат бар. Ауқымды жиынға қатысқан әлем елдерінің сақа саясаткерлері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері және алпауыт компаниялардың басшылары төрт негізгі бағыт бойынша әлемді, соның ішінде Қазақстанды алаңдатқан мәселерді шешу жолын қарастырады. Ол: сыртқы саясат, халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму, тұрақтылық, энергетика, климаттың өзгеруі, экономика, қаржы.
Алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтарды қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты өзі бастады. Жаһан экономикасын лгерілету мен экологияны жақсартуға Орта Азия елдерінің септігі көп дейді президент. Бұл ретте Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпірі – Қазақстан аймақтағы экономикалық локомотив қызметін сәтті атқарып жатыр. Бұл пікірмен мәртебелі қонақтар да келісті. Қазақстан шетелден инвестиция тартуды жалғастырады әрі елімізде бизнес жүргізуге барынша жағдай жасала береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз іскерлік және экономикалық серіктестікке жаңа мүмкіндік іздегендердің бәрін шақырамыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестицияға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.
Шетелдік серіктестер де екіжақты ілкімді істерді атқаруға қолдау білдіріп отыр. Форум әлем елдерінің көкейін күпті еткен мәселелерді ашық айтатын диалог алаңы ғана емес, халықаралық аренада белестерді бағындырған алпауыт компаниялармен өзара ықпалдастықты арттыратын нәтижелі кеңістік болмақ. Қазірдің өзінде бірталай бірлескен жоба жайлы сөз қозғалуда.
Санжар Жәркешов, QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Трансұлттық компаниялар бар, солардың басшылары орталық офистен келіп жатыр. Әсіресе Эксен Мобел, Шелл, Шеврон сияқты трансұлттық компаниялар келіссөз жүргізіп жатыр. Әсіресе барлау және өндіру салаларына, газ саласында, газ өңдеу зауыттарын салу және де газ тасымалдау құбырларын модернизациялауды кеңейті жобаларымен айналысып жатырмыз. Сондықтан форумның шеңберінде үлкен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Шетел инвесторларының ішінде Қатар мемлекетімен IT және кен орындарына қатысты бірқатар жоба бар. Форум екі күн өткізіледі. Сондықтан жаһанды алаңдатқан мәселелерге жауап іздеу ертең де жалғасады. Екі күн ішінде 40-тан астам панель сессиялар, бейресми пікірталастар өтетін болады. Инвестициялар, миллиардтардың келісімі туралы ертең де белгілі болып қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!