{metadescription}
Абай облысында орманшылар опат болды
Абай облысында орманшылар опат болды

Абай облысында орманшылар опат болды

Абай облысында төтенше жағдай. Қайта өршіген орман өртін өшіру кезінде резерваттың үш қызметкері қаза тапты. Әлі 11 орманшымен байланыс жоқ. Олар іздестіріліп жатыр. Жалаңдаған қызыл жалын да бой бермей, 30 мың гектар алқапқа жайылған. Әуеден 6 тікұшақ өрт ошақтарына тонналап су шашып жатыр. 177 техникамен 662 адам өртпен жабылып арпалысуда.

"Семей орманындағы" өрттің өшірілгені өткен айда ғана еді. Күні кеше тілсіз жау қайта тұтанып, бір түнде бой бермей өршіп кеткен. От ошағына алғаш болып барған 14 орманшымен байланысу мүмкін болмай, ақыры үшеуінің мәйіті табылды. Дәл қазір құтқарушылар хабарсыз кеткен тағы 11 адамды орманнан іздеп жатыр. Олармен байланыс мүлдем үзілген. Өршеленген өрт те бой берер емес. Әу баста от Батпай алқабында тұтаныпты. Аптап ыстық пен қатты жел басылмай тұр. Өмірлеріне қауіп төнген Успенка, Барышевка, Камышенка ауылдарының тұрғындары басын сауғалап, үйіін тастай қашқан.

Сергей Будюк:

- Мен Ивановка ауылында тұрамын. Қарындасым Успенкадан хабарласты.Күйеуінен  таңертеңгі сағат 10-нан бері хабар ала алмай отыр. Ол орман шаруашылығында жұмыс істейді. Өрт басталғанда кеткен, барып сұрап едім, ешкім ештеңе білмейді.

Барышевка ауылында үш үйдің күлі ғана қалған. Басқа үйлер аман, бірақ елдімекендерді қою қара түтін басқан. Қазір бұл жерді полиция күзетіп тұр. Күн райының шыжыған ыстығында жалаңдаған қызыл жалынды ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер 6 учаскеге бөлінген.

Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:

- Қазір тікұшақпен барлауда орман шаруашылығы комитетінің мәліметіне сәйкес, 30 мың гектар орман шаруашылығын құрап отыр. Өрттің қатты өршіп тұрған себебі барлықтарыңызға мәлім, соңғы кезде күн қатты ысып, орман шаруашылығының ішіндегі техниканың кіруіне үлкен қиындық тудырып жатыр, құмды жердің көп болуына байланысты. 

Қазір Орман шаруашылығы комитеті, Төтенше жағдай министрлігі мен әкімдіктер және қорғаныс министрлігінен 600–ден аса адам мен 177 техника тоқтаусыз отпен арпалысып жатыр. Көрші облыстардан да көмек күші тартылған. Құтқарушыларға жақын жердегі елдімекендердің тұрғындары мен еріктілер ас сумен көмектесіп жатыр. Шенеуніктер алапат өртке найзағай түсуі себеп дейді.

Дмитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Бұл орман шаруашылығы Семейден 25 шақырымда. Екі рет жарқ етіп найзағай түскен. Бірден апаттың алдын алу мүмкін болмады. «Семей орманы»мемлекеттік мекемесінің техникасы 11 шақырым жерде болды. Оның үстіне үйілген құмды жермен келіп жеткенше ,20 гектар ағаш жанып кетті. Қазір де өрт жайылып, сөндіру оңай болмай жатыр.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге шұғыл түрде Абай облысына жетіп, өртті сөндіру жұмыстарын басқаруды тапсырды. Сонымен қатар Үкімет пен Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орманшылардың отбасына көмек беретін болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде