{metadescription}
Астанада паркингі өртенген үй кешені тоқтан ажыратылған
Астанада паркингі өртенген үй кешені тоқтан ажыратылған

Астанада паркингі өртенген үй кешені тоқтан ажыратылған

Суға жарымай жүргенде, жарықтан да қағылды. Астанада паркингі отқа оранып, алты көлік түгі қалмай жанып кеткен тұрғын үй кешені тоқтан толық ажыратылған. Үш тәулік өтсе де, тұрғындарға мардымды жауапты не әкімдік, не үйді жарақтандыратын компания бермеген.

Екінші топтағы мүгедек Ғалия Тілеуованың үш күннен бері ұйқысы тыныш емес. Жерасты паркингтегі жарылыстан көлігінің тек қаңқасы қалыпты. Өрт жоғарғы қабаттағы пәтерін де зақымданған. Будақтаған қою қара түтіннен иіс тиіп ауруханаға түскен қызының жағдайы әлі мәз емес.

Ғалия Тілеуова:

- 2017 жылдан бастап сол тұрақта көлігім тұратын. Енді мен  екінші топта болғаннан кейін еш жерге бармай, жүре алмай қалдым. Сонда машина менің көзім, менің қолым болып қалды ғой. Қазір енді мынадай жағдай, қиын болып жатыр. Оның үстіне бізде жарық жоқ. Тұрған етіміз болсын, тамағымыз болсын, босап кетті.

Бұл паркингте алты көлік күл-талқаны шығып өртенген үйдің бірінші қабаты. Мұнда қабырғаның барлығы ыстан қап-қара күйе. Ал тыныс алу тіптен мүмкін емес, демалған қиын. Бұл үйдің проблемасы осымен бітпейді. Жарықтың өшкеніне бүгін осымен үшінші тәулік. Жеделсаты да толық өртеніп, істен шыққан.

Жарықсыз отырған жұрт қазір үйін тастап туыстарын жағалап кеткен. Ал кешендегі электр жүйесі түгел зақымданған. Айтып келмейтін апаттың салдарынан су да тоқтап тұр. Осы үйді тұрғызған құрылыс компаниясы шығынды жабуға міндетті емеспіз дейді. 

Юрий Симка, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Барлығы бастапқыда «көмектесеміз» деп уәде берген. Қала әкімдігі де, аудан әкімдігі де уәдені үйіп-төккен. Міне, үш тәулік өтті, көліктің өтемақысын есептемегенде, қарапайым жарыққа зар болып отыр. Тұрғындар менен келіп сұрайды. Менің қолымнан не келеді? 

Сау тамтығы қалмаған темір тұлпарлар арасында құны 25 миллион теңгеден астын қымбаты да бар. Бастапқыда от сұйытылған газбен жүретін көліктен шыққан болуы мүмкін деген нұсқа айтылған. Уақыт өте келе көпшіліктің болжамы әр түрлі құбылуда. Сәйкесінше, өтемақыны да кім төлейтіні әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде