Жамбыл облысында күйдіргі — бір ауыл карантинге жабылды
Жамбыл облысында күйдіргі ауруы шыққан бүтін ауыл 15 күнге карантинге жабылды. Қазір Тамды елдімекеніне санитарлық блок-бекет қойылып, ет-сүт өнімдерін шығаруға рұқсат жоқ. Ветеринарлар осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені үш адам сиыр сойы, қауіпті кесел жұқтырып, қазір ауруханада жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
09.06.2023
Талас ауданына қарасты Тамды ауылына кіреберіске болок-бекет қойылған. Әдетте емін-еркін қатынайтын көліктердің бәрі мұқият тексерілуде. Өйткені ет-сүт өнімдерінің сыртқа шығып кетпеуі қатаң бақылауда. Мұндай мұқиятылылыққа үш адамнан күйдіргі анықталғаны түрткі болған.
Рауан Асқаров, Тамды ауылдық аумағының әкімі:
- Ауылда карантин жоспары құрылды. Ауылдын сүт, ет өнімдерін шығармауға тапсырма берілді. Барлық малға екпе жасалып жатыр, қой, ешкі , сиыр. Санитарлық жұмыс жүріп жатыр.
50, 55 және 59 жастағы азаматтар күйдіргі дертіне сиыр сою кезінде шалдықса керек. Қазір қасапшылар ауруханада жатыр. Алғашқыда біреуінің жағдайы ауыр болған дейді дәрігерлер. Кейін бәрінің ахуалы тұрақтылапты. Ал ветеринарлар ірі қара малға кеселдің қалай жұққанын таппай әлекке түсіп жатыр. Сол ауру таратқан зеңгі баба тұқымының көзі арнайы пеште өртелген.
Нейли Мүлікова, Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Қазір ауырғандардың ішінен бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Үш науқас емделіп жатыр. Науқастар малды ветеринар рұқсатсыз сойғаны анықталды.
Үш адамның 35 туысы түгелдей тексеруден өтіп, оларға ауру тарамағаны белгілі болды. Мал сойлыған аула да толық залалсыздандырылған. Ал ветеринарлар бір ауылдан кесел шықты екен деп дүрлігуге негіз жоқ дейді.
Нұржас Құрмантаев, Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы:
- Бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Бізде облысымызда 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 Сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағалауда. Жылына екі рет сынама алынып, зертханаға өткізіледі.
Күйдіргі Жуалы ауданы, Көлтоған ауылының 46 жастағы тұрғынынан да анықталды. Науқастың жағдайы жақсарып, үйіне жіберілген. Алайда оның да жұқпаға қалай шалдыққаны белгісіз. Қазір бұл іс бойынша полиция тексеру жүргізуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!