Орман өртінен қаза тапқандардың отбасына жәрдемақы тағайындалады
Президент орман өртінен қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрады. Орны толмас қайғылы жағдайдың салдарынан бір-бір үйдің отағасы, жалғыз асыраушылары опат болғандықтан, Үкімет оларға арнайы жәрдемақы тағайындайды.
Автор: Айғаным Достанбай
12.06.2023
Марқұмдардың несиесі кешіріліп, президент жанынан арнайы қор құрылады. 14 адам опат болған өрттің шығу себебіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске лауазымды тұлғалардың тікелей қатысы бар-жоғын анықтауды Бас прокуратураға тапсырды.
Қостанай облысындағы алапат өрттен енді ғана есімізді жия бергенде, ай мен күннің аманында тағы да 14 шаңырақ қара жамылды. Президенттің сөзімен айтқанда, мұны ақтауға енді еш себеп жоқ. Мемлекет басшысы өрт ошағына табаны тиген бетте тілсіз жауға төтеп береміз деп ерлікпен қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтып шықты. Осындай орны толмас ауыр қазаға жол бергені үшін президент көпшіліктен кешірім сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын.
Марқұм болған орманшының жұбайы:
- Әрқайсымыздың басбасымызда несиеміз бар. Мен жалғыз қалдым. Балаларым өсіп қалды. Немерелерім бар. Бірақ бір ғана жалақымен мен олардың керек-жарағын қамтамасыз ете алмаймын. Отбасыларға қандай да бір жәрдемақы беріле ме?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Зардап шеккен отбасылардың барлығына жәрдемақы тағайындалады. Мен уәде беремін. Президент жанынан арнайы қор құрылады. Мен жеке өзім зардап шеккендерге көмек көрсетемін. Несиелердің барлығын жауып береміз.
«Семей орманы» резерватына соңғы сегіз жылда 5 миллиард 300 миллионнан астам қаражат бөлінген. Бірақ одан орманшылардың жағдайы оңалып кете қоймағаны кешегі алапат өрттің кезінде көрінді. 60-70 жылдардағы тозығы жеткен техника, қауіпсіздік жабдықтарының жетіспеушілігі бірнеше адамның опат болуына әкеп соқты. Марқұмдардың бірі өрт ошағына өз көлігімен баруға мәжбүр болған. Өзгесі тіпті бұйрық түскен бетте үйде жүрген киімімен шығып кетіпті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрай қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет.
Бізде орман алқаптарының көлемі аз. Небәрі төрт пайызға жетер жетпес. Бірақ министрліктен бастап, жергілікті деңгейдегі басшыларға дейін Қостанай облысындағы алапат өрттен қорытынды шығармағаны, адам тағдырына немқұрай қарағаны төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді лауазымынан кетірді. Ал той-томалақтан қолы тимей, өрт ошағына кешігіп жеткен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев сөгіс естіді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек.
Бастапқыда экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы комитеті өрттің аумағына қате болжам жасаған. Осыдан қорытынды шығара отырып, президент өрт ошақтарын ерте анықтау үшін алдағы уақытта цифрлық жүйелерге жүгіну қажет деп есептейді. Сондай-ақ табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыруды талапқа сай ету қажет.
Мемлекет басшысы Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іске уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың қатысы бар-жоғын анықтауды тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!