Шындықтың ұлы атасы - шын ақын
«Шындықтың ұлы атасы – шын ақын». Өзі өлсе де сөзі өлмеген қазақтың қабырғалы ақыны Есләм Зікібаевтың өлеңдері бүгінгі буынға өнеге. Азаматтық жолынан таймаған ақынның бақилық болғанына 20 жылдан асқанмен, артында қалдырған мол мұрасы әдебиет сүйер оқырманға темірқазықтай бағдар береді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
12.06.2023
Қағазға түскен, қалам тербеген тақырыптары әлі күнге өзекті. КТК тілшісі Асқарбек Қазанғап Есләм Зікібаевтың жарымен сұхбаттасып, оның шығармашылығын зерттеушілердің пікірін жазып алды.
Бұл суреттер өткен шақтың сағыныш сәулесін көңілге түсіреді. Есләм Зікібаев поэзия әлемінде ойып өз орнын алған ақын. Жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Есләм ақынның ерекше үш қасиеті бар еді: адал, әділ және намыскер» деп, марқұмның болмысын үш-ақ ауыз сөзбен сипаттаған. Жары Рауза Бәкірқызы ол шығармашылығында жақсылық, әділдік, қамқорлық, азаматтық, қарапайымдылық пен кішіпейілділік сияты адамгершілік қасиеттерді насихаттағанын айтады.
Рауза Зікібаева, Е.Зікібаевтың жары:
- Негізі, азаматтық тақырып. Отан деген, өзінің еліне арнаған, солтүстіктің даласын жырлау осы кісінің пешенесіне берілген, көп өлеңдері парасаттылық, азаматтық, адалдық, шындық – осымен өмір сүрген адам. 1975 жылы бірінші кітабы шыққан. Бері қарай үш томдығы шықты, таңдамалылар үш томдығы. Одан кейін естеліктер кітабы шықты. Ол кісі өзі жас күнінен жас та болса, үлкен ағалармен, Хамит Ерғалиев, Әбдіжаппар Әбішевпен, Нұршайықов ағамызбен бірге қызметтес болған, бірге жүрген. Сол кісілермен бірге қолпаштауында жүретін.
Өлең әлеміне кеш келсе де, 15 жылдың ішінде сегіз кітабын шығарған.
«Кім оянып, мәңгіге кім жатады
Тоқтамайды күн шығып, күн батады.
Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын
Ерік бердім жан сырым-жырға тағы» - деген толғаныстан Есләм ағаның өлеңді жан сырына балағанын аңғаруға болады.
Ақынның шығармашылығын зерттеген, мақала жазған журналист Балнұр Қызырбекқызы:»Есләм Зікібаев шоқтығы биік, дара ақын» - дейді.
Балнұр Қызырбекқызы, журналист:
- Менің ойымша, Есләм Зікібаев уақытында өзінің толық бағасын ала алмады деп есептеймін. Және де қазір біздің оқырмандарымыз Есләм Зікібаевтың өмірі, шығармашылығы туралы білсе деген ниетпен осы мақаланы жазған едім. Есләм Зікібаевтың жақын досы, белгілі жазушы, аудармашы Герольд Бельгер досы туралы естелігінде оның ақындығына ерекше тоқталып өтеді: «Есләм Зікібаев ақындық өнерді пір тұтқан және де өзінің бағасын анық сезінетін ақындардың бірі еді» дейді. Яғни, ақындардың алды да емес, соңы да емес екенімді білемін деп айтқан болатын.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Есләм Зікібаевтың үш баласы үш тағанындай. Бұл күні немерелерінің алды өмірде кетігін тауып, кірпіш болып қаланған. Қолжазба, кітаптарын оқып, атасымен сырласқандай күй кешеді.
Рауза Зікібаева, Е.Зікібаевтың жары:
- Ол кісінің өмірінде көрген қиыншылығы көп болған. Солтүстіктен Қазақстанның бір шетінен екінші шетіне келіп оқу да оңай емес қой. Екіншіден үй жағдайында да. Сондай қиындықтың бәрін бірге жеңдік. Әр кезде сұрайды, «Ақынға жар болу оңай ма?» деп. Оңай емес. Ол халықтың алдында жүрген, жырдың ортасында айтыс болса, жыр кештеріне қатысып жүретін адам. Бәріне шыдамдылық керек, төзімділік керек, содан кейін біріңдібірің түсінісуің керек те. Біз 42 жыл бірге тұрдық.
Есләм аға ақындықтан бөлек, саналы ғұмырында елдегі беделді басылымдарда журналист болып қызмет атқарған. 65 жасында жүрегі соғуын тоқтатты. Дегенмен жақсының аты өлмейді. Өзінің өлеңімен қорытсақ: «Өлгенде айтып жүрсеңдер жетіп жатыр, шындықтың ұлы атасы – шын ақын».
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!