{metadescription}
Семей, өрт: 60 мың гектарды шарпыған өрт әзірге дес бермей тұр
Семей, өрт: 60 мың гектарды шарпыған өрт әзірге дес бермей тұр

Семей, өрт: 60 мың гектарды шарпыған өрт әзірге дес бермей тұр

Абай облысындағы алапат өрттен қаза тапқан адам саны 15-ке жетті. Бүгін ормандағы өртті сөндіруге аттанып, ұшты күйлі-жоғалған тракторшының денесі өрт ошағынан 50 шақырым жерден табылды. Алайда Сергей Архиповтың нақты неден көз жұмғаны белгісіз.

Ал бес тәуліктен аса бет қаратпай жатқан жалынның ауыздықталар түрі жоқ. 60 мың гектар аумақты шарпыған өрт әзірге дес бермей тұр.  

Алапат өрттің басталғанына – бесінші күн. Қазір Каштак, Половинка, Талица ауылдары түтіннің астында қалды. Желдің екпіні артып, қызыл жалын қайта тұтанды.

Озерка ауылының іргесінде өрт өршіп тұр. Жалынды ауыздықтау үшін әуеден де, жерден де су шашылып жатыр. Бірақ өрт ырық берер емес. Өйткені бірін өшірсек, екінші жер жанады дейді мамандар. Қазір орман өрті Семей қаласына жақындап қалды. Шаһардан небәрі 25 шақырым қашықта жанып жатқан орман өрті тұрғындардың үрейін ұшырып жатыр.  

Данияр Әрімов, Семей тұрғыны:

- Кешке таман ана жаққа қарасақ, көк түтін. Үйдегілердің бәрі шошып, «жұмыстан қашан келесің» деп сұрайды. Кеше кешке шығып едік, далада түтіннің исі болды,қорқынышты.

Орман өртімен үш бағытта күресіп жатыр. Жалын таралмас үшін шығыста арнайы техникалармен ағаштар оталып жатыр. Ал көлік жете алмайтын құмды жерлерге 15 тікұшақ әуеден су шашып жатыр. Алайда от пен судың ортасында жүрген құтқарушыларға алапат өртті өшіру оңай болмай тұр. 

Жалпы өртті сөндіруге 1800 адам мен 350-ге жуық техника жұмылдырылған. Бес күннің ішінде өрт ошақтарына әуе мен жерден 4 мың тоннадан артық су шашылды. Қазір 60 мың гектарға тарап үлгерген өрттің 43 мың гектары әлі жанып жатыр. Оны өшіруге еліміздің әр өңірінен келген  еріктілер де қосылды. 

Азамат Әбдікәрімов, ерікті:

- Көмектесуге өзіміз келдік. 12 адам, үш техника. Көліктердің бәрі жекеменшігіміз. Сөндіруге келсек, қиындықтар бар. Өрт бағыты қасқағым сәтте ауысып кетеді. Жел де кедергі келтіріп тұр.

Жергілікті билік қызыл жалыннан елдімекендерге еш қауіп жоқ дейді. Бірақ әлуметтік желіде өрттің Шүлбі су қоймасына жақындап қалғаны айтылуда.

Дәл қазір жалынды толық ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Жел екпін күшейіп, өрт ошақтары жиі тіркеліп жатыр. Оның үстіне орман алқабындағы құмды жер техникалардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

03 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде