Өрттен қаза тапқанның отбасына 7 миллион, кәмелетке толмаған балаға 2 миллион бөлінеді – Семей
Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық тергеу аясында экс-министр Юрий Ильин де тексерілуі мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты жекелей қылмыстық іс қозғалмайды дейді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Автор: Айғаным Достанбай
13.06.2023
Дегенмен тергеу кезінде Ильиннің жұмысына салғырт қарағаны анықталса, заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Ал "Қазақстан халқына" қоры өрттен марқұм болғандардың отбасына 7 миллион теңге, жанұядағы кәмелетке толмаған әр балаға қосымша 2 миллион бөлмек.
15 адамның өліміне алып келген Абай облысындағы өрт бойынша тергеу басталған. Ішкі істер министрлігінің әзірге үш нұсқасы бар: орманға найзағай түсуі немесе әлдекімдердің қасақана өртеуі мүмкін және салғырттық. Дәл осы үшінші нұсқа бойынша Юрий Ильин де қоса тексерілуі мүмкін екен. Дегенмен экс-министрге қарсы әзірге қылмыстық іс қозғалмаған. Тергеуде оның кінәсі анықталса, заң алдында жауапқа тартылады.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Президент Бас прокурорға тапсырма берді. Оның шеңберінде тексеру жүргізілетін болады. Өрт – төтенше жағдай, адамдар қаза тапты. Сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру болады. Неліктен уақтылы шара қолданбады? Мүмкін немқұрайлылық? Қызмет міндеттерін уақтылы орындамау да көп болжамның бірі.
Абай облысындағы өрттің дес бермей тұрғанына бүгін алтыншы тәулік. Соған қарамастан премьер-министрдің орынбасары Қостанайдағы өрттен сабақ алдық деп есептейді екен. Тек бұл жолғы қателік – бастапқыда өрттің аумағы қате есептелгенінен болып отыр.
Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Тағы да қайталаймын, өрттің ауқымын бастапқыда жете бағаламаған. Ақпарат 8 маусымда экология министрлігіне де, ТЖМ-ге де түсті. Басында өртті сөндіруге «Семей орманы» орман шаруашылығының күштері мен құралдары тартылды. Өрт бет қаратпай, бірден қатты күшейгені белгілі болған кезде ТЖМ мен қорғаныс министрлігінің күші тартылды.
Семей орманында өрттің тұтанғанын «Қазақстан ғарыш сапары» мекемесі бәрінен бұрын білген. Ғарыштан түсірілген кадрларда өрттің бүкіл орманға қандай жылдамдықпен таралғаны көрсетілген. Қызыл жалын 8 маусым күні Астана уақытымен сағат 11:23-те тұтанған. 15 минут өтер өтпестен, мекеме ақпаратты төтенше жағдайлар министрлігіне жолдадық деп отыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ғарыштан, спутниктерден ақпарат алынып, ол талданады, карталарға отырғызылады және сол порталға енгізіледі. Ол портал төтенше жағдай министрлігі үшін жасалған. Яғни олардың қызметкерлері сол порталға кіру үшін жасалған. Сондықтан біздің халыққа жария ету, ондай құқығымыз жоқ. Ол төтенше жағдай министрлігінің құқығы.
Осыған дейін орманшылардың көлігі ескіріп, арнайы киім, тіпті қарапайым рациямен қамтылмағаны айтылған еді. Қаржы министрі Семей орманы резерватына биыл бөлінген 6 миллиардтың қайда жұмсалғанын түсінбей аң-таң. Өрт әлі де сөндірілмегендіктен, нақты залал көлемі әзірге белгісіз. Шығын есептелген соң, оны Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервінен өтейміз дейді Ерұлан Жамаубаев.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Арнайы комиссия дұрыстап анықтауы керек. Неге игерілмеді? Неге техника жетіспеді? Себебі, тек «Семей орманы» резерватының өзіне биыл шамамен 6 миллиард теңге қарастырылған. Қазір оны сараптау керек. Неге ол қаржы дер кезінде жетпеді? Қандай кемшіліктер болды? Оны комиссия анықтайды.
Ал өрттен қаза тапқандардың әрқайсысының отбасына 7 миллион теңгеден және жанұядағы кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінеді. Бұл қаражатты "Қазақстан халқына" қоры қарастырмақшы. Сондай-ақ арнаулы жәрдемақы тағайындалып, марқұмдардың несиесін кешіру жөнінде қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!