Арыстанбек Мұхамедиұлы өзіне қол салмақ болған
Арыстанбек Мұхамедиұлының суицид жасамақ болғаны расталды. Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы былтыр үйін тінту кезінде антикор өкілдерінің көзінше өзіне қол жұмсаған. Мұхамедиұлының жұбайы сол кезде ауруханаға жедел жеткізілгенімен, толық емделіп шығуына мүмкіндік берілмеді деп шағым айтты. Дімкәс денсаулығын алға тартып, кезекті рет соттан үйқамаққа ауыстыруды сұрап отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
13.06.2023
Ғалия Ысқақова, Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі:
- Мен күйеуімнің денсаулығына алаңдаймын. Қазір бұлшық еттері құрысып, өздігімен кейде жүріптұра алмай қалады Дәрігерге көрсетейік деп, үйқамаққа жіберуді бірнеше мәрте сұрадық. Біздің талабымыз қанағаттандырылмай жатыр.
Мұхамедиұлы бүгінгі сот отырысында біраз мәлімдеме жасады. Айтуынша, оның ұрланған ақшаға еш қатысы жоқ. «Құжаттарда қойылған барлық қол да менікі емес» деп отыр. Сондықтан арнайы сараптамадан тағы бір рет өткізуді сұрайды.
Жалпы сот процесі басталғалы үйқамаққа қайта-қайта сұранған Арыстанбек Мұхамедиұлы ұры-қары, нашақор, педофилдермен бірге темір торда отыруды өнер адамы ретінде өзіне ар санап жүр екен.
Әр жылдары мәдениет министрі, Ұлттық музей директоры болып қызмет істеген оның қолына антикор былтыр мамырда кісен салған. Мұхамедиұлы «Алтын адамның» әлем мұражайларындағы шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген қазынаның миллиондарын қалтаға басты деп айыпталғанымен, тек оны мойындамай отыр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы:
- Мына құжаттың бәрін көргенде таң қалдым. «Мынау менің қолым емес қой» деумен болдым. Мойныма ілінген 221 миллион теңгені жымқырды деген айыппен келіспеймін. Соңына дейін күресемін. Маған қазір жанжақты қысым жасалып жатыр. Камераның өзінде аса ауыр қылмыс жасаған адамдармен отырамын. Оның арасында қылмыс әлемінде аты шыққаны, түрмеге қайта оралғаны да да бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!