{metadescription}
Лагердегі балалар бұзылған ас ішіп, қысым көргенін айтып отыр – Түркістан облысы
Лагердегі балалар бұзылған ас ішіп, қысым көргенін айтып отыр – Түркістан облысы

Лагердегі балалар бұзылған ас ішіп, қысым көргенін айтып отыр – Түркістан облысы

Түркістан облысында сауықтыру лагеріне барған оқушылар үйіне қайтуға асығып отыр. Өйткені "Арман" деп аталатын демалыс аумағында ешқандай жағдай жасалмаған дейді балалар. «Бұзылған ас-ауқат ішіп, тәрбиешілерден қысым көрдік» дегендер жаппай лагерден кетіп жатыр.

Қазірдің өзінде Шардара ауданынан келген 600 оқушының тең жартысы мұндай демалыстан бас тартқан. Ал орталық басшылары балаларға жақсы демалыс ұйымдастыру жеткіліксіз деп отыр. Қазір ата-аналардың шағымынан кейін бұл орталықты білім басқармасы тексеріп жатыр.  

Түлкібас ауданындағы «Арман» лагеріне шардаралық 600 оқушы бес күн бұрын келген. Бірақ бірер күн өтпей жатып, балалар үйіне қайтуға асығуда. Себебі: балаларға бұзылған тамақ беріп, түнде әжетханаға шығармаған. 

Мәди Қыдыр, оқушы:

- Бірінші кезде несебін жіберіп қойды да, ағай төсегін ауыстырған ол жоқта. Екінші күні үлкен дәретін жіберіп қойды, оны ағай бізге тазалатты. Мен тазаламаймын деді ағай. Сөйтіп тағы қайталанған соң, басқа отрядқа ауысып кетті.

Гүлбану Аманғазы; оқушы:

- Бұл жақта піспеген күріш береді. Басы биттеген қыздардың басына тарақанның, тағы басқа дәрі жағады. Көп қыздың басын өрмекші  басқан. Бөлмелерде шөп өсіп кеткен. Бассейннен келе жатқанда алдымыздан кобра жылан көрдік.

Демалысының шырқы бұзылған балаларды ата-анасы әкетіп жатыр. Бірақ кейбірі сауықтыру орталығына кіре алмай, есік алдында сағаттап отыруға мәжбүр.

Пакиза Ділмұратова, Шардара ауданының тұрғыны:

- «Бұл жер лагерь емес – тозақ» деп қабырғаға жазып тастаған дейді. Қанның ізі ме, бояу ма, видеодан көрдік. Балаларды телефонның сымымен ұрыпты. Телефонмен бәр келіп жатыр ғой. Дүрлігіп, шошып жатыр бәрі.

Ал сауықтыру лагерінің қожайыны шағымданушылардың сөзін жоққа шығарып, «бұл кейбір ата-ананың әдейі жасаған әрекеті» дейді. Тіпті ескірген демалыс аймағында балалар үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отырмын деп ақталды. Алайда мемлекеттің әр балаға беретін ақшасына дұрыс демалыс ұйымдастыру қиын екенін айтады.

Клара Динаева, сауықтыру орталығының директоры:

- Мемлекет әр баланың он күн демалуына 30 мың теңгеге жетпейтін қаржы бөледі. Кәсіпкерлерге бұл тиімсіз. Азықтүлік бағасының қалай өсіп кеткенін білесіздер. Маған Шардараның 600 оқушысын қабылдаңызшы деп, жақсы таныстарым өтінген соң ғана қабылдадым. Сондағысы баржоғы 36 миллион теңге. Оның бір тиыны да түспеді. Ал ата-аналардың шағымына келсек, бұл кімге керек екенін білмеймін, бірақ қолдан ұйымдастырылған нәрсе деп ойлаймын.

Шу шыққан жерге облыс білім басқармасынан шенеуніктер мен депутаттар жетті. «Әр оқушымен жеке тілдесіп шығамыз» деген олар мекеменің жай-күйімен де танысып жүр. Егер оқушылардың айтқаны расталса, кәсіпкерге әу баста келісілген 36 милион теңгені төлемейміз деп отыр. Ал он күнге демалуға келген 600 оқушының қазір лагерьде тек жартысы ғана жүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде