Келінін құтқарамын деп, алты миллионынан айырылған – Көкшетау
Көкшетаулық кәсіпкер келінін құтқарамын деп, 6 миллион теңгесінен айырылды. Өзін жол полициясы қызметкеріміз деп таныстырғандар "келінің бірнеше адамды көлікпен қағып кетті" деп хабарласқан. Істі ың-шыңсыз шешу үшін ақша талап еткен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.06.2023
«Алматылық полицейлерміз» деп хабарласқандар, "келініңмен сөйлес" деп тұтқаны жылап тұрған келіншекке ұстатыпты. Ол бірнеше адамды көлікпен қағып кеткенін айтқан. Соған сенген кәсіпкер қомақты ақша беруге келіскен. Тіпті алаяқтардың бірі үйіне келіп, пакетке салынған 6 миллион теңгені алып кетіпті. Онымен қоймай, зардап шеккендердің бірі қайтыс болды деп, тағы 50 мың доллар сұраған. Осы кезде ғана келініне телефон шалған кәсіпкер, алданып қалғанын түсініп, полицияға шағымданады.
Әсем Әбдірахманова, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі:
- Көкшетау қаласы ішкі істер басқармасына хабар түсе сала, кешенді жедел іздестіру шарасы басталды. Кәсіпкерден ақша алып кеткен 1994 і жылғы азамат қолға түсіп, қамауға алынды. Одан ақшаның бір бөлігі табылды. Қалғанын сыбайластарына жіберіп үлгерген. Қазір осы іске қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр. Алаяқтық бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!