Семейдегі орман өртін сөндіруге жел кедергі болуда
Семейдегі орман өрті әлі ауыздықталған жоқ.Өрт сөндірушілер Поднебесное, Шүлбі, Жерновка және Каштак орман шаруашылығында өртпен арпалысып жатыр. Өртті өшіруге екпінді жел әлі кедергі келтіруде.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.06.2023
Қызыл жалын қазір Половинки ауылының іргесіне таяп қалған. Сондықтан мамандар орманға жақын орналасқан үйлерді күндіз-түні күзетуде.
Половинки ауылында жел қарқыны қатты. Өрт ауылға қарай бағыт алуы мүмкін. Сондықтан өрт сөндірушілер ауылдағы баспаналарды сақтап қалудың қамына көшкен.
Половинки елдімекенін көк түтін көмкерген. Жалын жайылып кетпес үшін тікұшақпен әуеден су шашып жатыр. Ал өрт сөндірушілер орманға жақын үйлерді күзетуде.
Сабыржан Шекербеков, өрт сөндіруші:
- Талицада орман өрті ауыр болды. Ол үстінен тұтанды оған түк істей алмайсың. Жел бағытымен бүршіктердің бәрі ұшады. Ең басты мақсатымыз – Астана қаласынан өртті сөндіруге келдік.
Қазір өрт сөндіру төрт орман шаруашылығында жүргізіліп жатыр. 1800 адам мен жүздеген техника жұмылдырылған. Олар бір тәуілікте бықсыған от ошақтарына 1600 тонна су шашқан. Ал Шүлбі су қоймасына бағыт алған өрт ауыздықталды. Әйтседе мамандар өрттің толық қашан сөндірілетінін айта алмай отыр. Өйткені 60 мың гектар аумақты шарпыған жалын әр жерден қайта-қайта тұтанып жатыр.
Нұрболат Дербесов, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
- Үш бағыттағы өртке кеше біздің барлық қызметкер қатысты. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір барлық өрт ошағын сөндіруге қайта кірістік. Сарбаздар да жұмылдырылды. Егер жел көтеріліп кетпесе, бірекі күнде бітіреміз деп жақсы сөз айтып жатырмыз.
Дегенмен жедел штабтың мәліметінше, елдімекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Қазір тіркелген от ошақтарына су төгу, топырақпен жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда ауа райын болжаушылар алдағы уақытта желдің екпіні секундына 17-22 метрге дейін жетеді деп болжауда. Бұл жалынды үдетіп жіберуі ықтимал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!